Болат Бақауов әкімдерге дүкендерге барып, азық-түлік бағасын біліп отыруды тапсырды


2018 жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының бірқатар аудандарында азық-түлік бағасы көтерілген. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында белгілі болды.

—  Ақсуда күріштің келісі 242 теңге болса, Екібастұзда   248 теңге,  Ақтоғайда  236 теңге. Ең қымбат ұн Железин ауданында  98 теңгеден. Баянауылда бірінші сортты ұннан жасалатын нанның бір келісі 143 теңге. Бұған қоса, картопты 40 теңгеден сата алмай отырғанда келісі 124 теңгеден.  Сәбіздің келісі 182 теңгеден. Астанада мұндай баға жоқ, — деп облыс әкімі Болат Бақауов ауданға баға саясатын бақылау және сараптама тобын  жіберуді тапсырды.

Мұндай деректерге таң қалысын жасырмаған Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов  нанның бір келісі 120 теңге екеніне сендіріп,   жағдайды анықтауға уәде берді. Өңірлік кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рысбековтың ақпаратына сүйенсек,  өңірдегі әлеуметтік 99 дүкеннің  26-сы  қалада орналасқан. Олармен әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қосылатын үстемеақыны 10 пайыздан асырмау  жөнінде меморандумға қол қойылған. Тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар 19 тауар бекітілген.

Республика бойынша бірінші сортты ұнның  келісі 122 теңге болса, Павлодар облысында 81 теңге. Шілде айымен салыстырғанда облыс бойынша кейбір азық-түлік бағасының өскені  байқалады. Мәселен, Тереңкөл ауданында 19 позицияның сегізі бойынша баға  көтерілген. Сондай-ақ, Железин ауданында бес позиция, Успен, Павлодар, Ақтоғай аудандарында төрт позиция бойынша артқан. Бұдан басқа, статистикалық мәліметтердің сараптамасына сүйенсек, Тереңкөл ауданында күріштің келісі 300 теңгеден саудаланса, Ертіс ауданында 226 теңге, яғни 32 пайызға айырмашылық бар.

Статистикалық мәліметтермен танысып шыққан аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдеріне статист келген кезде сол жерде бақылау жасау керектігін айтып өтті.   – Дәурен Сәбитұлы, Жайық Серікқалиұлымен бірге баға бойынша таңертеңгі уақытта әкімдермен хабарласып отыру қажет. Инспекторлар әкімдермен бірге дүкендерді аралап, деректердің сәйкестігін тексеріп шықсын, — деді облыс әкімі.

Әлихан Рахметоллаұлы