Сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеген ауылдар

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Төлеп және Сарға ауылдарында бұған дейін сыбайлас жемқорлық деректері тіркелмеген. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова, Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелері Қайролла Ережепов және Әнуарбек Бимағамбет осыған көз жеткізді.

Екі ауылдың тұрғындарымен өткен басқосуда мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласы, мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі және сыбайлас жемқорлық профилактикасы мәселелері сөз болды. Шара кезінде Төлеп ауылында Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ауыл тұрғыны «Бейнеу ауданына 45 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Ал Сарға ауылында салтанатты түрде ауылдың бұрынғы әкімі Айберген Ізбасаровқа төсбелгіні қоғам және мемлекет қайраткері Қайролла Ережепов табыстады.

Ауыл тұрғындары да қарап қалмады, өздерінің пікірін ашық білдірді. Мәселен, «Жанқара» шаруа қожалығының жетекшісі, зейнеткер Орынбасар Қиянов, өзінің шаруа қожалығын одан әрі дамытқысы келетін айтты. Алайда бұл ретте кедергі де жоқ емес, қолжетімді несие ала алмай әлек екен. Сондықтан да, мүмкіндігінше қолдау көрсетілсе деген өтінішін айтып өтті. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында қолға алынып жатқан ауқымды шаралардан хабардармыз және көңіліміз толады деді.

Ауылдың тағы бір тұрғыны, Бейнеу мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы Айжақсы Жетпісова, ауылда сыбайлас жемқорлық деректерінің бұрын болмағанын және бұған дейін облыс орталығынан Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің келмегендігін айтып өтті. Алдағы уақытта мұндай кездесулер тұрақты түрді өткізіліп тұрса деген тілегін де жеткізді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар жауапсыз қалмайды. Департамент басшысы Нұргүл Жанназарова, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Қайролла Ережепов және Әнуарбек Бимағамбет барлық сұрақтарға уақтылы тұшымды жауап береміз деп сендірді.

 

 

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша департаментінің

баспасөз қызметі