Әбдіжәмил, Дулат, Мұхтар көкелер әлемдік жиында неге орысша сөйледіңіздер? (Алматыда өткен Жазушылардың I халықаралық форумынан соң туған ой)

Кешке отбасымызбен бірге теледидар алдына жиналып бір уақ жаңалықтарға құлақ түріп, оны көру дәстүрімізге айналған. Әсіресе 31, КТК телеарналарының жаңалықтарын қалт жібермейміз. Себебі түсінікті. Олар хал қадері келгенше шынайы әңгімелерді айтуға тырысады. Сол күні кешке біз өзіміз мүлдем күтпеген жағдайға тап болдық. Елімізде екі жазушылар ұйымы бар. Бірі өзімізге белгілі Қазақстан Жазушылар одағы да, екіншісі Әбдіжамил Нұрпейісов көкеміз негізін қалаған ПЕН — клуб. Қазір одақтың төрағасы Ұлықбек Есдаулетов те, ал клубтың президенті Бигелді Ғабдуллин.

Ертай Айғалиұлы

Міне, осы ПЕН клубтың ұйымдастырумен Алматыда Халықаралық Жазушылар форумы өтті. 31 телеарна журналистері Әбдіжамил, Дулат, Мұхтар көкелеріміздің осы форумда орысша сөйлегенін сынап өтті. Тіл мәселесі бойынша әңгіме айтылса отбасымыз түгел елеңдеп, назарымызды аударамыз. Тіл жанашырлары аталған үш жазушы көкемізді жақсы біледі деп ойлаймын. Үшеуі де ұлт мүддесі, оның жауы қазақ тілі жайында өткір-өткір, батыл-батыл пікірлер айтып жүрген қаламгерлер. Тіл мәселесіне келгенде тіптен ел президентіне де қарата өткір пікірлерін қақырата айтып жүрген көкелерімізге бұл жолы не көрінді?
Жиын халықаралық деп аталып отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлердің дені өз тілінде сөйледі. Ал Қазақстанда осындай жиын өткізіп отырғандардың Ресейдің тілінде сөйлеуі қалай ақталғанмен де көкейімізге қонбады. Әсіресе өздерінің ана тілін қызғыштай қорғап жүрген аттары елге мәшһүр көкелеріміздің мұнысы бәрімізді, оның ішінде біздің отбасымызды қатты ренжітті. Көкелерім-ау, сіздер ел назарындағы тұлғаларсыздар. Сіздердің әрбір істеріңізді, сөздеріңізді біз үлгі-өнеге тұтып, кейінгі ұрпағымызды тәрбиелейміз. Әсіресе Тіл ұлттың жаны екенін сіздер бізден гөрі жақсы білесіздер. Ал мемлекеттік тіл деген дүрдей дәрежесі бар қазақ тіліміздің жағдайы өз тәуелсіздігіміз кезінде де өте мүшкіл екендігін қазір қарапайым бұқараның өзі шулап айтып жүр. Одан мемлекеттік тіліміздің ахуалы түзеліп кетпей отыр. Мемлекеттік жиындардың барлығы дерлік Ресейдің, яғни ресми тілде өтеді.
Осы форум алдында Бигелді бауырымыз сұхбат берді. Оның тақырыбы «Қазақ қаламгері қандай болуы тиіс?» Мен осы сауалға Бигелді бауырымыз қалай жауап берді екен деп бәрін оқып шықтым. Қаламгердің басты қаруы тіл жайында бірауыз сөз айтылмапты. Мұндай тамаша сұрақ берілгенде менімше қаламгердің ең алдымен ұлттық мүддені, оның ішінде тіл мәселесін қалай қозғап, қаузап жүргендігі айтылуы тиіс еді деп ойладым. Мұхтар Шаханов көкеміздің бұл көкейтесті мәселе жөнінде айтқан пікірің бүкіл Қазақстан білетіндігінде шәгім жоқ. Ол кісі бұл мәселелерді ту етіп көтермеген жазушыны адам қатарына қоспайды. Мен ол пікірге екі қолымды көтеріп қосыламын. Бірақ осындай пікірдегі көкемнің қалған көкелеріме қосылып кеткеніне қатты таң қалдым.
Көкелер, биыл тәуелсіздігіміздің 27-ші жылы. Қазір елімізде мынадай сұмдық жағдай қалыптасып келе жатқан сияқты. Әлде маған солай көріне ме? Бірақ ойымды ірікпей ортаға салайын. Қазір тіл жайында айта бастасаң баз біреулер «Мынау жынды ма?» дегендей мазақтап қарайтын тәрізді. Яғни бұл еліміздегі ең көкейтесті мәселенің айта-айта «жауырға» айналған тақырып болып отырғандығында және одан еш нәтиже шықпағандығында деп білемін. Биліктің тілі ресми тіл. Жастарымыздың көбі өз ана тілін «Мәмбеттің тілі» деп менсінбей қарайтын мәңгүрттік дәрежеге жеткен. Сонда көкейде қорқынышты да, үрейлі жағдай қылан береді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойына көздерінің қарашығындай сақтап келген, аманат етіп қалдырған қазақ тіліміз қазір білгіштер айтып жүрген болжамға сенсек, жойыла ма деген қауіп бар. Себебі қазір қазақтар да, өзге этнос өкілдері де қазақ тілін (орыс тілін олардың бәрі де біледі) ысырып қойып, жаппай ағылшын үйренуге ден қойды. Мектептеріміз жоғары оқу орындары, тіпті балабақшаларымыз да ағылшын тілін бірінші орынға қойып, көптеген пәндер сол тілде оқытылады. Сондай-ақ шығыстағы көршіміздің де ықпалы күшейіп, оның тілін де үйрену қажеттігін көптеген адамдар ескертіп айтып жүр. Ал мемлекеттік тіл қазақ тілінің адамдар өмірінде қажеттігі, яғни оның рейтінгісі жыл сайын емес, ай сайын құлдырап төмендеп бара жатыр.
Бұл біздіңше қазаққа төніп келе жатқан қасіреттің бір көрінісі. «Тілі жойылған жұрттың өзі де жойылады» деп Ахмет Байтұрсынов бабамыз айтқанын біржола ұмытқан сияқтымыз. Көкелер-ау, сіздер де, басқа қолынан іс келетін мықтыларымыз да әлемдік форумдар, жиындар өткізуге құмар болып кеттік. Олардың ұлтымызға не пайдасы тиеді, бұл жағын ешкім ойламайтын сияқты.
Бигелді бауырымыздай «Қазақ қаламгері қандай болуы тиіс?» деп өзімізге сауал қойсақ алдымен ол ұлтшыл болуы тиіс. Ұлт мүддесі әлсіреген жерден жазушылар табылғаны абзал. Белгілі ақын Нұрлан ағамыз бірде Қазақстан Жазушылар Одағының ғимаратын «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» аман алып қалғанын айтты. Дұрыс, ол ерлік. Сол кездесуде ағама: «Мына қазақ тіліміздің жағдайы мүшкіл ғой. Оны бүкіл қаламгерлерді ұйымдастырып, сақтап, құтқарып қалайықта» деп мен өз пікірімді айтып едім, ол кісі қатты қорқып кетті (неге екенін білмеймін, маған солай көрінді). «Жо-жоқ, ол мәселені қозғама! Ертең пәле болады», — деді. Ол қандай «пәле» екенін түсінбедім. Әлі де түсінбей жүрмін. Нұр ағам одақ басшылығынан кетті. Орнына ұлт мәселесін қозғай алатын мықты жігіттер келді. Қазір бес, алты айдың жүзі жылжыды. Бірақ үнсіз. Қытайдағы бауырларымыздың жағдайын айтып, «аттаңдап» жатқан бауырлар бар. Бірақ Одақ бұйығы қалпында. Сайрагүл қарындасымыздың ісі сотқа тартылғанда да бұғып қалды. Тіл жайында да тырс етпей отыр. Ал ПЕН клуб мүшелері бұрыннан самарқау. Неге? Бәріміз де аң-таңбыз.
Әңгіме тиегі көкелеріміздің әлемдік жиында орысша сөйлегенінен ағытылып кетті. «Бізді сыңайтындай сен кім едің?» деп көкелерім қыжыртуы әбден мүмкін. Бірақ 31 телеарнаны көргендердің бәрі сіздерге өкпелі. Бірақ шындыққа ешкім қарсы келе алмас. Қалай болғанда да Тіл мәселесінде үн қосатын кез келді. Көкелерім біріксе тауды да орнынан қозғап жіберетініне дүр сенімдімін.
Форумда ағылшын жазушысы Саймон Гейганның тіл жайында айтқан мына пікірі ұнады:
— Жаһандану жағдайында көп халықтардың тілдері аз халықтардың тілін жойып жібереді деген ұғым бар. Өткен тарихқа көз жіберсек, аз халықтардың тілдері жойылып кетіп отырған. Сондықтан көп халықтың тілі аз халықтың тілін бауырына тартып, оның жойылып кетпеуіне ықпал етуі тиіс.
Тек біз көп халыққа жатамыз ба, әлде аз халыққа ма? Біздің әлі де түсінбей жүргеніміз осы ғой…