«Азаматтарға арналған үкімет» қазақстандықтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы www.gov4c.info ресми сайтында мемлекеттік қызмет көрсету бизнес-процесін жетілдіру бойынша қазақстандықтардың ұсыныс-тілектерін қабылдауға мүмкіндік беретін «Краудсорсинг» жобасын іске қосты.
Бүгінгі таңда мемлекеттік корпорацияға басқарма төрағасының блогы, әлеуметтік желілер және кері байланыстың басқа да арналары арқылы азаматтардан түрлі проблемаларды шешу, сондай-ақ сервистерді жетілдіру бойынша көптеген өтініш-ұсыныстар түсіп жатыр. Енді ықылас танытқан әрбір азаматтың мемлекеттік қызмет көрсету саласына қатысты ұсыныс-талабы арнайы жоба аясында қабылданатын болады.
Жобаны енгізушілер қазақстандықтардың фронт-офис жұмысын жақсартып, электрондық сервистерді жетілдіру бойынша инновациялық идеяларын күтеді. Мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамытып, корпорацияның жұмыс сапасын арттыруға бағытталған ұсыныс-тілектердің барлығын осы «Краудсорсингте» қалдыруға болады.
Ұсыныс-тілектерді мемлекеттік корпорация қызметкерлерінен құрылған комиссия сараптамадан өткізіп, таңдаулы ұсыныстар кең талқыланып, жүзеге асырылады.
Ұсыныс қалдыру үшін https://www.gov4c.info/ сілтемесі арқылы өтіп, арнайы форманы толтыру қажет. Сайт қолданушылары қалдырылған ұсыныстарды талқыға салып, пікірлер жазып, тіпті бағалай алады.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ
Баспасөз қызметі