Жолаушылар мен жолсеріктерге сыбайлас жемқорлықтың зияны түсіндірілді
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Өзен — Болашақ» бағытындағы жолаушылар пойызында мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласы, мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі және сыбайлас жемқорлықтың зияны түсіндірілді.
Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова Қарақия ауданына қарасты Болашақ ауылында болып, жолаушылар мен жолсеріктерге арнайы дайындалған брошюралар таратып, сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын-алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісіп, жолаушылар мен жолсеріктердің сұрақтарына жауап берді.
Әсіресе мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды түрде алудың маңыздылығы мен тиімділігі, халықтың өз уақыттарын үнемді пайдалану жағы түсіндірілді. Қызмет алушыларда белсенділік таныта алды, электронды цифрлық қолтаңба алудан бастап, басқа да мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу тәртібіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар, жолаушыларға арнайы безендірілген жадынамалар ұсынылды.
Сондай-ақ, Болашақ ауылы тұрғындарымен де кездесу өтті. Көтерілген мәселенің дені әлеуметтік салаға қатысты болды. Атап айтқанда амбулаториядағы дәрі-дәрмектің жетіспеуі, санитарлық авияцияның келмейтіндігі және дәрігердің жоқтығы айтылды.
Сондай-ақ, №10 орта мектептің ұжымымен де кездесу ұйымдастырылып, білім саласындағы өзгерістер және жаңа бастамалар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында әңгімелер қозғалды.
Болашақ ауылының құрылғанына биыл 6 жыл. Жаңаөзен шаһарынан 190 шақырымда орналасқан ауылда бүгінде 600-ден астам адам тұрады. Әкімдікте 4 қызметкер жұмыс жасайды. Мұнда бір мектеп, бір балабақша және бір амбулатория ғана бар. Шағын кәсіппен айналысып отырғандар да кездеседі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі