Павлодарда ҚР Тілдер мерекесі аясында жастар форумы өтті


«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Жастарды жарқын болашаққа жетелейтін – тіл» атты жастар форумы өтті. Оған филология ғылымдарының кандидаты, С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Айман Зейнуллина, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Сәуле Мамытова,  Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Бағжанат Қайырбекова, ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрайымы Элина Паули мен жоғары оқу орындарының студенттері  қатысты.

Шараны ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османова форумның  міндетіне тоқталды.

—  Бүгінде тіл — өзекті мәселелердің бірі, — деді   Сәуле Османова. -Сондықтан басты мақсат — мемлекеттік тіл — қазақ тілін дамыту,  тіл мәдениетін көтеру болып табылады. Елбасы «Болашақ — жастардың қолында» деп атап өткендей, жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Ол үшін алдымен ана тіліміз — қазақ тілін, содан кейін ағылшын тілін білу керек. Статистика бойынша  өңірде тұрғындардың 98,8 пайызы орыс тілін меңгерген. Алдымызда латын графикасына көшу бойынша тұрған үлкен мақсатты жүзеге асыруда жастардың қосатын үлесі зор.  Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Желтоқсан айында емле, ереже бекітілігеннен кейін  алдымен жұмысты жоғары оқу орындарынан бастаймыз.

Шара барысында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, қазақ тілінің дамуы мен өркендеуіне және қолдану аясын кеңейтуге қосқан үлесі үшін Рavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің шығарушы редакторы Ақбота Сейсенбаева,   «Ertis» телеарнасының   жүргізушісі Марина Сахарова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Данагүл Озыхан, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы  ономастика жұмыстары бөлімінің бас маманы Әсел Талипова алғыс хаттармен марапатталды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина жастарға бүгінгі күннің нағыз қазағы шешен сөйлейтін, қазақи ойлайтын, ұлтжанды, рухы биік болуы тиіс екенін атап өтті.

— Тәуелсіздік алған жылдары бір ғана қазақ мектебі болатын, — дейді Айман Зейнуллина.  – Бәлкім, дәл қазір ертегі тәрізді естілетін шығар. Алайда сол  кездері қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын дайындайтын факультеттер еліміз бойынша Қарағанды, Алматы, Семей өңірлерінде 20 пайызды құрады.   Бүгін Аллаға шүкір, жағдай оңалды. Енді 25 жыл өткеннен кейін саннан сапаға көшу керек. Яғни,  таза қазақтар  қазақ тілінде шешен, таза сөйлеуі тиіс.  Ал, өзге ұлт өкілдерін   азаматтық, отандық тілінде сөйлеуге міндеттеген дұрыс.  Бүкіл әлемде  кез келген мемлекеттік тіл ана тілімен қатар тұрады. Сондықтан Қазақстанда тұрғаннан кейін мемлекеттік тілде сөйлеуге, жазуға  және қызмет етуге міндетті.

 

Әлихан Рахметоллаұлы