Павлодарда өңірлік ардагерлер кеңесінің ІІІ пленумы өтті
Аймақтағы ҰОС қатысушылары мен ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен жалпы зейнеткерлердің мұң-мұқтаждықтары қаралатын жиында осы жолы ардагерлермен жұмысты ұйымдастыру және зейнеткерлерге көрсетілетін медициналық қызметтер жөніндегі сұрақтар қаралды. Пленумның төралқа құрамына облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев, тұрақты комиссияның төрайымы Роза Имруханова және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев енді.
Шара ІІ және ІІІ пленум аралығында дүниеден өткен Павлодар ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Борис Васильченконы еске алумен басталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев зейнеткерлерге көрсетілетін медициналық қызметтерде олқылықтар бар екенін атап өтті.
— Ардагерлер жасы келген сайын денсаулығы нашарлайды, — деді Рымтай Шөкеев. – Бұл белгілі жағдай. Әр ауданда медицина туралы комиссиямыз бар. Сол комиссияның төрағалары бұл пленумға шақырылды. Зейнеткерлерге көрсетілетін тегін медициналық қызмет және тегін дәрілер бар. Оларды алуға үлгермей қаламыз. Ауруханалардағы кезектер ұзақ болады. Кейбір қызметтерге кезекке тұрғанның өзінде кезегіміз бірнеше айлардан кейін ғана тиеді. Кейбір дәрігерлерге барсақ жасымызды сұрайды. Жасымыз 70-тен асқанын айтсақ, бұл кәріліктің белгісі деп, дұрыс қарауға ниеттері болмайды. Осы жағдайлар күн тәртібіндегі мәселе болып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев күрделі мәселелер туындаған емханаларға өзі кіріп, мәселелердің мән-жайын анықтауға уәде берді. Сонымен қатар, жиынға қатысқан зейнеткерлер өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашевқа өз сауалдарын жолдады. Айта кетейік, өңірімізде 116 мың зейнеткер бар.
Әлихан Рахметоллаұлы