Астанада ауылдық мамандарының мәселесі талқыланды

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен «Экономиканың нақты секторы үшін мамандар дайындаудағы Университет пен жұмыс берушілердің серіктестігі» тақырыбында Республикалық форумында талай тың бастамалар жұртшылыққа таныстырылды.

Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.К.Божко, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Р.Қ. Акимов С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ АҚ Басқарма Төрағасы А.Қ.Күрішбаев және депутаттар мен өзге де 150-ден астам отандық, шетелдік агробизнес өкілдері мен ассоциациялар, сондай- қоғамдық ұйым мен саяси партия өкілдері қатысты.

Форум барысында ауыл шаруашылығы саласында неліктен білікті кадрлар жетіспейді?, Деген қоғам алдындағы нақты сауалға мамандар жауап іздеп, түйткілдің түйінін тарқатуға тырысты.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Акылбек Күрішбаев өз сөзінде, әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің тәжірибесі негізінде кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту жөніндегі білім ордасында атқарылып жатқан жұмыстары туралы толыққанды баяндап берді. Білім ордасы шетелдік серіктестің қолдауымен, атап айтқанда әлемдегі басты аграрлық білім ордасы болып саналатын АҚШ тың «Калифорния» университетінің үлгісінде кадрлар даярлауды жүзеге асырып жатқандығын айтып өтті.

Сонымен бірге білім ордасы бүгінгі таңда кадрлар даярлаудың бірнеше озық бағдарламасын жүзеге асырып отырғандығына тоқталып, сол бағдарламаға сай еліміздігі ауыл шаруашылығы саласындағы ең үздік деп танылған шаруашылықтардағы тәжірибелі мамандарды білім ордасына шақырып отыр. Себебі өндірісте болған, тәжірибесі бар мананның жастарға берері мол. Сәйкесінше білім ордасында жұмыс істеп жүрген оқытушылар мен жас ғалымдар дамыған шет елдік серіктестерге барып білімдерін шыңдайтын болады.

Осылайша екі жақты бірлескен мамандар арқылы біздің жастарымызға толыққанды сапалы білім беруге болатындығын айтты.

Міне осыдан кейін аталмыш білім ошағы, студенттерге сабақ беріп жүрген мамандарды бес жылда бір рет тәжірибе шыңдау мақсатында өндіріске жіберіп отырады. Себебі білім мен өндірістің қатар жылжып отыруы қажет. Ал екеуі бір-бірінен алшақтаған кезде қажеттілік жойылады да, берген білім ешкімге керек болмай қалуы мүмкін. Техналогия дамыған сайын мамандар да көштен қалмауы қажет. Ал көш соңында қалмаудың амалын білім ордасы қарастырып тезге салған абзал.

Біздің білім беру жүиемізде дәстүрге айналып, тәжірибеден шығып қалмай келе жатқан бір әдет бар. Бұл студенттердің өндірістік тәжірибеде шеберлік шыңдау. Университетте осыған дейін студенттер үшін өндірістік іс-тәжірибе не бары үш ай ғана болатын. Бұл үрдіс біздің елдегі білім ошақтарының денінде сол қалпында сақтаулы. ҚазАТУ бұл уақытты қазіргі

таңда 8-айға созып отыр. Себебі, болашақ маман, егіннің себілу науқанынан бастап оны баптау мен ору науқандарына дейін толық қатыса алады. Сол сегіз ай ішінде жоғарыда айтылған үздік шаруашылықтардағы мамандар студенттерді тәрбиелеп отырады. Ал шаруашылықтағы студенттерді іс-тәжірибеден өткізген маманның тиісті еңбегі үшін білім ошағы тарапынан қажетінше жалақы да тағайындап отыр.

Осылайша мамандар сапасы мен олардың біліктілігін көтере отырып, жастардың ауылшаруашылығына деген қызығушылығын оятуды көздейміз деді ректор Ақылбек Қажығұлұлы.

Форум барысында жиналғандар жоғары оқу орындарының білікті маман дайындауы мен түлектердің нарықтың шынайылығына толық бейімделуі барысындағы жаңа бағдарламалар турасында біршама пікірлер айтылып, келешек жоспарларымен бөлісті. Мұндай мәселелер мен жағдайларда ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен кәсіпкерлер арасында аса жоғары байланыс қажет. Аталмыш форумның жүгі, сала мамандарының басын қоса отырып қажеттілік үдерісінен шығу.

Форумда сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко, ҚазАТУ базасында ауыл шаруашылығы мамандарын қайта даярлауға байланысты арнайы курстар ашу керектігін алға тартты. Себебі бүгінгі таңда елді мекендерде мамандар жеткіліксіз. Болған күннің өзінде заманауи технология негізінде жұмыс жасауға қабілетсіз екендігін айта келе, ауылдық квота арқылы келіп білім алып жатқан және бітіріп кеткен мамандарды ауылға қайтару керектігін баса айтты. Себебі ауылдық жеңілдік арқылы білім алған жас маман өз ауылына баруды міндеттеу қажеттігі ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлар тапшылығын азайтуға септігін тигізері сөзсіз. Қазіргі күні ауылдық жастардың не бары 40 пайызы өз ауылдарына оралып, қызметке орналасады. Ал қалған 60 пайызы қалаларда қалып қояды. Бұл алаңдатарлық мәселе деді Владимир Божко.

Дегенмен жастарды ауылға қайтару үшін елдімекендерде оларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл жөнінде «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр өз тәжірибесіне сүйене отырып, біршама мысалдар келтірді. Оның айтуынша, «Қазіргі жастар тіршілікке тез бейімделеді. Себебі олар жаңа заманның түлектері. Ал оларды ауылға тарту үшін сол жерден жемісті еңбектің көзін ашуымыз керек. Қазір біздің қоғам жаппай жоғарғы білімділер қоғамына айналды. Бұл қате. Себебі жоғары білім дипломы бар адамнан қарапайым миханизатор жасау қиын. Жастарға сол себепті біз кәсіби білімнің артықшылығын түсіндіріп, сол кәсіптің нәсібінің де мол болатындығын ұқтыруымыз қажет» деді.

Осы тұрғыдан келгенде бүгін С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ өзінің әріптестері мен серіктестері үшін кадрлар жасақтаудың инкубаторына айналып отыр. Себебі заман үлгісіне сай маман әзірлеп, оларға ауылдық жерде жағдай жасауды қадағалау білім ордасының басты назарында.

Университет серіктестіктері ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін 1 жыл бойы оқытушылар мен докторанттарды өздерінің алаңында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік жасап отыр. Бұл келешекте жаңа бизнес көзінің ашылуына, жаңаша ғылыми жобалардың өмірге келуіне зор мүмкіндік.

Форумға қатысушылар ҚазАТУ-дың арнайы жасақталған заманауи өндірістік платформаларында аралап көрді. Бұл платформаларда студенттер, келешек мамандар өндірістік тәжірибеден өте отырып біліктіліктерін арттырады.

Атап айтқанда Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығын механикаландыру орталығы, Инженерлерді даярлау және қайта даярлау жөніндегі Қазақстан-Беларусь орталығы, ГАЖ технологиялары орталығы, Робототехника ғылыми-зерттеу орталығы, ет және сүт өнімдері және майлы дақылдарын өңдейтін тәжірибелік өндірістік цехтар студенттердің болашағына мол мүмкіндік туғызып отыр. Демек студенттер өндірістік тәжірибеден өту үшін өндіріс ошақтарына жіберілмей-ақ осы цехтарда шеберліктерін шыңдай алады. Ал бұл цехтарда қызмет жасайтын технолог мамандар, сол өндірістерден арнайы шақыртылған нағыз кәсіби жандар болып отыр. Міне бұл өндіріспен білімді ұдайы ұштастыру платформасы.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті отандық нақты секторлар үшін кадрларды даярлауға арналған стратегиялық әріптестік бағдарламасын әзірлеуі форумның өзектілігін көрсетті. Бүгінгі таңда білім ордасы 86 мамандық бойынша, оның ішінде 14 аграрлық бағыт бойынша бакалаврларды, магистрлерді және PhD докторларды дайындайды. Мақсат, еліміздегі және шет елдердегі өндіріс ошақтарымен тығыс қатынас жасап, алдымен солар үшін сапалы маман әзірлеу.