«JAMBYL» телеарнасында жаңа маусым

«Qazagstan» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы жаңа телевизиялық маусымын бастағаны белгілі. 1958 жылдан бері хабар таратумен келе жатқан корпорация құрамындағы «Qazagstan», «Qazsport», «Balapan» телеарналары бүгінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерсе, биылдан бастап «Tamasha. tv» телеарнасы тұңғыш рет көпшілікке жол тартты. Осы орайда, корпорацияның құрамдас бөлігі саналатын аймақтық «JAMBYL» телеарнасы да осы аптада жаңа маусымының тұсауын кесті.

«Достық үйінде» өткен салтанатты шараға сала ардагерлері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басшылары, республикалық басылымдардың меншікті тілшілері, журналистер, блогерлер мен жастар қатысты.

Жаңа маусымның салтанатты ашылуында ең алдымен сөз «Qazagstan» РТРК АҚ өндірістік орталығының директоры Меруерт Құмароваға беріліп, ол корпорацияның жаңа маусымдағы жобаларымен таныстыра келе, аймақ өмірінде айрықша орын алатын «JAMBYL» телеарнасының 30 жылға жуық жемісті жұмысына алғысын білдірді. Және жаңа маусымның ашылуымен көпшілікті құттықтады.

— Биыл қазақ телевизиясына ерекше жыл. 60 жылдық белесті бағындырып отырған «Qazagstan» республикалық телерадиокорпорациясы осы уақыт бедерінде өмірдің айнасына, тұлғалардың жарқын бейнесіне, қазақ зиялыларының рухани қазынасына айналды. Тележобаларымыздың саны жыл санап артып,эфир жаңа бағдарламалармен толығуда. Атап айтсақ, биыл көрерменге «Шаңырақ», «Шипагер», «Жан жүрегі» жобалары ұсынылатын болса, «Мен қазақпын» мегажобасы екінші маусымын бастап кетті. Одан бөлек, биыл «Qazagstan» телеарнасы мән-мазмұны ерекше 16 телехикаяны көрерменге жолдап отыр. Ал «Balapan» арнасы тұғыш рет аннимациялық мультфильмдердің түсірілімдерін қолға алып, «Қоңыр қаз» жобасымен бүлдіршіндерді қуантуда. Сондай-ақ, «Disney» туындыларын қазақ тіліне аударып, қазақстандықтар үшін теңдессіз тарту жасауда. «Qazsport» телеарнасы болса, бұған

дейін әлемдік додаларды үзбей көрсетіп келген болса, енді футболдан Еуропа, Чемпиондар лигасының тікелей көрсетілімдерін тұрақты түрде ұйымдастыратын болады. Ол үшін мәмілескен үшжылдық келісімшарт бар. Биыл көрерменге алғаш рет жол тартып отырған «Tamasha. tv» арнасының да көпшіліке ұсынар сүйінші жаңалықтары аз емес. Аталмыш арна да ән де, әзіл де болады.

Осы орайда, корпорацияның аймақтық айнасы «JAMBYL» телеарнасының 30 жылдық жемісті жұмысын атап өткім келеді. Әулиеаталық телеарна бүгінде жас журналистердің ұстаханасына айналды. Қасиетті қара шаңырақтан түлеп ұшқан тілшілер қазір еліміздің әр түкпірінде қызмет етуде. Сондықтан телеарна жұмысына табыс тілей отырып, жаңа маусымның ашылуымен көпшілікті шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңырақта ұлттық арна қосулы тұрсын!, — деді М.Құмарова.

Бұдан кейін сөз тізгінін облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли тізгіндеп, «JAMBYL» телеарнасының өңірдің ақпарат айдынында алатын орнын айрықша бағалады.

— Бүгін айрықша іс-шараның куәсі болып отырмыз.Бірер жылдан бері «Qazagstan» республикалық телерадиокорпорациясының 14 филиалында жаңа маусымның тұсаукесер шарасын өткізу қолға алынса, бүгін міне өңірлік арна осы бастамаға үн қосып отыр.

Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы корпорациямен, «JAMBYL» телеарнасымен осы таңға дейін қоян-қолтық жұмыс жасап келді. Алдағы уақытта да осы бағытымыздан айнымайтынымыз айқын. Бұйыртса, жаңа маусымда аймақтық арнамен біраз жобаларды біріге қолға алсақ деп отырмыз. Бұл бастамаларымыз жемісті боларына сенімдімін. Себебі өзімде ұлттық арнаның қазанында қайнап, бірқатар бағдарламаның жемісті жұмысына ұйытқы болдым. Сондықтан менің телеарнамен жаным бір.

Келер жылы «JAMBYL» телеарнасы 30 жылдық белесін атап өткелі отыр. Бұл мерейтойға да жоспарлап жатқан жобаларымыз баршылық.

«JAMBYL» телеарнасының жаңа маусымы құтты болсын!, — деді Ішкі саясат басқармасының басшысы.

Жалпы бүгінде «JAMBYL» арнасы өңірдегі электронды БАҚ өкілдерінің көшін бастап келеді. Тәулігіне 17 сағат хабар таратуда.

Оның 60 пайыздайы телеарнаның төл өнімі. Жаңа маусымның тұсаукесерінде сөз алған «JAMBYL» телеарнасының директоры Жасұлан Леспек осы жұмыстар мен жаңа жобалар жайлы тереңірек таныстырды.

– «JAMBYL» телеарнасы 29 маусымын қарсы алып отыр. Мұндай дәстүрлі маусым ашар аймақтарда екінші жыл қатарынан өткізілуде. Сондықтан осындай бастамаға мұрындық болып отырған «Qazagstan» республикалық телерадиокорпорациясының басшысы Ерлан Қаринге алғыс білдіремін.

Шындығына келгенде, қазір болған жаңалық 6 сағатта, 6 құрлыққа тарайтын заманда телеарнаның ықпалы мен рөлі де күн санап күшейе түсуі заңдылық. Әлемдік даму көшіне керуен қосқан отандық ақпарат айдынында аймақтық арналардың өзіндік орны бар. Себебі, республикалық телеарналардың өңірлер тынысын, аудан -ауылдардағы ахуалды, ел ішіндегі күнделікті оқиғаларды толық қамти алмайтыны белгілі. Бүгінде біздің филиалда жүзге жуық қызметкер жұмыс істейді. Оның 20 пайызы ғана журналист. Айтпағым, эфирдің арғы жағында көзге көрінбейтін қаншама адамның жұмысы бар. Ол — режиссер, оператор, дыбыс қадағалаушы, жарық қоюшы, көлік жүргізуші және өзге де мамандар. Міне, осы қызметкерлердің еңбегі әркез ерен.

Әулиеата қазақылығы уыздай ұйыған оңтүстік өңір болғандықтан телебағдарламалардың бұған дейін 80 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілсе, биыл бұл көрсеткішті 85 пайызға жеткізіп отырмыз.

Филиалдың материалдық-техникалық, қаржылық және кадрлық әлеуетін ескерсек, күн сайын 17 сағат эфирді керемет етіп шығару мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, аймақтық арналар рейтинг қуаламауы керек. Осы орайда, біз санға емес, сапаға көңіл бөлгенді жөн санадық. Жыл басында 40-тан астам телебағдарлама болса, жаңа маусымда оны 27-ге дейін қысқартып отырмыз. Бірақ, эфирде өзіндік өнім үлесі кемімейді. Бұл мамандарға қосымша ізденіске мүмкіндік беріп, хабардың мәні мен мазмұнын арттыру үшін жасалып отырған қадам, — деп баса айтқан арна басшысы бұдан кейін биыл «JAMBYL» телеарнасы көрермендерін қандай жобалармен қуантатынына тоқталды.

– Әр таң сайын көрерменмен қауышатын «Рауан» ақпаратты – танымдық, сазды бағдарламасы 2 сағат бойы тікелей эфирге шығуды жалғастырады. Сонымен қатар, жаңа маусымда «ALAMAN» атты ашық пікір додасы көрерменге жол тартады. Саяси салмағы бар ток – шоу нағыз ой-пікір бәйгесіне айналады деп сенеміз. Одан бөлек, өнегелі өткеніміздің қыры мен сырын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «ḠASYR KERẎENI» жобасының тұсауын кесіп отырмыз. Бұл – тарихи танымды таразылайтын интелектуалды ойын болады. «DAMẎ. KZ» мемлекеттік бағдарламаларды, даму жолындағы жетістіктерді насихаттайтын тележоба. «Достық дастарханы» бағдарламасы болса, түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық тағамдары туралы баяндап, өңірдегі халықтар достығын насихаттайды.

Өздеріңіз білесіздер, «Қазақстан» корпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қариннің бастамасымен былтыр «Men QAZAQPYN» халықаралық дәстүрлі өнер додасы бастау алған болатын. Биыл аймақтағы іріктеу шаралары барысында біз түрлі ұсыныс, пікірлерді ескере отырып, қазақтың дәстүрлі әні мен күйіне және термесіне эфирден орын беруді жөн деп таптық. Бірақ, «JAMBYL» арнасындағы «Мен қазақпын» жобасы байқау ретінде емес, ұлттық өнерді насихаттау көкжиегін кеңейту мақсатында жалғасады.

Жаңа маусымда «JAMBYL» арнасындағы жаңалықтың бірі «Кеш жарық» жобасы болғалы тұр. Студиялық бағдарлама сенбі және жексенбі күндері 1 сағат тікелей эфирге шығады. Бұл жобаның басты мақсаты — әлеуметтік желі мен ватсап мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып көрерменмен кері байланысты нығайту. Яғни, көрерменге тікелей эфирде аудио және бейнебайланысқа шығуға мүмкіндік беретін боламыз.

Дәл сондай, «Өнер TIME» жаңа маусымға көрерменге ұсынар жобаларымыздың бірі . Әлбетте, өнердің қамтитын ауқымы кең, театр, әдебиет, эстрада, тіптен қазір, тойдың өзі ұлттың мәдени ордасына айналып бара жатыр. Міне осындай маңызды мәселелер майдан қыл суырғандай талданып, өрелі ой өлеңмен өріліп, әнмен көркемделіп отыратын жаңа форматтағы өнер кеші көрерменге жол тартады, — деген Жасұлан Әбдіхалық сондай-ақ, биыл телеарна әлеуметтік роликтерді де түсіруді қолға алғанын хабардар етті. Олардың қатарында «Президент пәрмені», «Спорт әлемі», «Ұлы Дала өсиеті» және «Жеті қазына» атты жобалар бар. Әр әлеуметтік роликтің

көрерменге ой салар, сана-сезімдерін рухани байытуға серпін берер ерекшелікке ие. Сондай-ақ, аймақтық арна саяси-әлеуметтік салмағы бар бағдарламаларды да назардан тыс қалдырмауда. Атап айтсақ, жаңа маусымда көпшілік «Аламан», «Даму. КZ», «Мәслихат мінбері», «1 –студия», «Салмақты сөз», «Алтын бесік» секілді ондаған телехабарлармен қайта қауышатын болады. Тағы бір үлкен жаңалық 2019 жылдан бастап «JAMBYL» арнасы толықтай цифрлық хабар таратуға көшеді. Бүгінде бұл бастамаға телеарна 95 пайызға дайын тұр.

Міне, осындай тың жобалар мен алда тұрған мақсатты міндеттермен жан-жақты таныстарған Жасұлан Лесбек сөз соңында әріптестерін жаңа маусымның ашылуымен құттықтай келе, салтанатты шараға келген көпшілікке алғысын білдірді.

Бұдан кейін, ардагер журналист, телевидение саласына ерен еңбегі сіңген Қалыбек Атжанға сөз беріліп, ол маусым ашар ашарасының маңыздылығына тоқтала келе, телеарна жұмысына сәттілік тіледі.

Ал шара соңы «JAMBYL» теларнасының түсірілімімен жарық көрген «Елімді сүйем» әнінің бейнебаяны ұсынылып, Кенен Әзірбаев атындағы филормания өнерпаздары әдемі әннен шашу шашты