Ерман Абдиев: ƏЗІМБЕКТЕН ӘДЕМІ ӘЗІЛ ҚАЛДЫ

Бүгін жамбылдық жұртшылық ақын, марқұм Әзімбек Жанқұлиевті еске алды. Ақынның бұл өмірден өткеніне 15 жыл болған екен. Уақыт, не деген дүйрік еді… Әрине, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат және мәдениет басқармалары ұйытқы болған шара көпшіліктің көңілінен шықты. Кеште ақынның көзін көрген Қасқырбай Нарбатыр, Толымбек Әлімбек, Ербол Қамбатыров, Қалдыбек Құрманәлі, жары Бақыт Сапаралиева көңілге қонымды естеліктерін айтты. Жалпы, көзкөргендер Әзімбекке ақындық анасы Аманкүлден келген дейді. Анасы жас кезінде әуелете ән салып, қисса, дастандарды жатқа айтқан екен. Тіпті ел ішінде Аманкүлдің қайынағасы Әлімбекпен айтысы аңыз болып тарап кеткен. Шахан ауылында Әлімбек қырманшы, қоймашы болып істеген екен. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде бала-шағы қамы үшін қамбашы да артық астықты ұраға тығатын көрінеді. Сондай бір жорабоза кезінде жұрттың кеу-кеулеуімен Әлімбек пен Аманкүл айтысып қалады. Әлекең, Аманкүлге – Әзімбектің анасына қарап тұрып:
Дегенде қара қатын, қара қатын,
Өлеңнен алған талай қанағатын, — дей келіп, сәл күдіріп қалғанда Аманкүл табан астында:
Өлеңнен алдым талай қанағатын,
Түрің бар, Әлімбек-ау жан алатын.
Қамбашым үйің толған бидай екен,
Мәселең бар жоғарыда қаралатын, — деп жауап қайтарыпты.
Соғыстан жаңадан оралған Әлімбекпен айтысқан Аманкүл жасырын қылмысын жұрт алдында жайып салған соң, орнынан «шорту» деп тұрып, жөнеп беріпті. Сол түні жұбайы екеуі шынында қырманнан әкеп тыққан бидайды басқа жерлерге жасырып, таң атқанша тыным көрмейді. Дуалы ауыз Аманкүл ананың сол айтысынан кейін Әлімбек ақсақал «Шорту» қайынаға атанып кетіпті. Жалпы, Әзімбектен әдемі әзіл қалды. Мен бұған дейін өмірден өткен ақындар Нарша Қашағанұлы және Серік Томановтардың ел ішінде айтқан қалжыңдарын жинап, «Нарша деген…», «Серік деген…» кітап шығарып едім. Осы сериялы кітабымның жалғасы «Әзімбек деген…» кітапқа ұласқалы тұр. Әзімбектің жерлестері де ақынның айтқан қалжыңдарымен бөлісер деген ниетпен Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетіне «Әзімбектен әдемі әзіл қалды» деген мақала жазып, ақынның қалжыңдарын ұсынып едім. Әзірге еш хабар болмай тұр. Ақынның тағы бір әзілі… Бірде Әзімбек бастаған ақындар сонау Алматыға бір ескілеу «Волганы» жалдап жолға шығады. Жол бойына бір аяңдаған сәтте бұларға Әзекеңнің жақын танысы жолыға кетеді. Өзі бір су жаңа «иномарка» мініп алып, жалғыз кетіп бара жатыр екен. Амандаса салған Әзекең жедел әлгі «иномаркінің» дәл алдына жайғасып:
Тұрған кезде «Максима»!
«Волга» деген такси ма?
Жайғасайын жаныңа,
Жалғыз өзің қақшима, — деп қақшиып отырып алыпты. Сөйтсе, әлгі танысының көлігі зырылдап тұрған «Ниссан-Максима» екен.
Қазақ іздеушісі бар халық. Әзімбек ақынның мұраларын іздеп, оны мүмкіндігінше насихаттап жүрген ол ақынның ағасы Алтынбек Жанқұлиев. Алтекеңнің азаматтығы. Қазақ халқы бар да Әзімбектің аты өшпейді.