Шетелден келген «сағыныш» хат
«Пай, пай қазақ жері. Сенің асты үстің толы байлық, жерің жомарт, халқың аңқау көнбіседі-ау. Жемқорларың, парақорларың қанша соққы алып жатса да, майға бөккен борсық тайар қасын тосып, таяқтың «уытын» шыбын ғұрлы көрмей жанталаса қашып, дәл тұмсықтан тимейінше құламайтын өлермен еді ғой. Апырай, кейде мына бір ұқсастыққа қайран қаламын. Қараңғы түнде жусап жатқан отардың ішіне ұрлана кірген Борсық, семіз қойдың табақтай құйрығына сүлікше жабысып сорғанда, бишара қой еш қаперсіз жата беруші еді ғой. Сен де сондай батпанқұйрық едің қазақ даласы. Әлі сол кейіпте шығарсың. Тау мен тасыңды, өзен көліңді, жұпары аңқыған саялы бағыңды көз алдыма елестетсем тұла бойым шымырлап кететіні несі екен. Қиястықтан емес, қимастықтан туған сезім сияқты.
Сағындым ғой сені қазақ даласы.
Өткен күннің бәрі елес деген бекер. Бәрі де кешегідей көз алдымда. Дүниені белшесінен басып жүрген, арнама симай тасып жүрген балдәурен шағым қызметімнің көрігінің қызған шағы еді. «Күштінің құйрығы диірмен» тартады деген рас екен. «Тоқпағы мықты болса темірқазық жерге кіреді» дегеннің де жаны бар. Өткен өмірім оған дәлел. Жоғары жақта отырған арқа сүйерім ісіме араласқанда ертегідегі батырлардай сағат емес сәт санап билік сатысына көтеріліп едім-ау. О баста уызына жарымаған мен бейбақ, қазақ халқының атынан билікке жетсем де, ақша сайқалдың арбауына еріп, қарғыбауына айналғанымды білмей де қалыппын.
Кешір мені солқылығым үшін қазақ даласы.
Кейде отырып ойланамын осы маған не жетпеді екен деп. Аузымнан ақ май ағып, қасымдағылар қас-қабағымды бағып, балға үймелеген масадай «Басекелеп» соңымнан қалмайтын еді. Сол «тозаң» жандайшаптар қайда бүгінде. Лауазымды біреудің соңында жүрген шығар шұбырып. Тозаң ұшыпқайда бармайды. Қойшы соларды. Халық «таңғы ас тәңірден» деп барымен базар болып жүргенде, Мен тоқмейілсіп астан жеріп, шайтанның жетегіне еріп, тоқтықтан кекіріп, маңайымдағыларға жекіріп, қиыр шеттегі мұхит пен теңіздерден деликатес тағамдарды арнайы алдырып астамсып кеткенімді несін жасырайын. Бұл қылығым құтырғандық емей, немене? Осы мені астың да кепиеті ұрған шығар.
Кей адамдар пәтер жалдап шиеттей бала-шағасымен тентіреп жүргенде, менің бір басымда қашама коттедж, шетелде бірнеше виллам болғанын біреу білсе, біреу білмес. Іші дүниеге толы саңғарадай-саңғарадай бөлмелерге байқамай бие кіріп кетсе құлындап шығар еді дегенім шындыққа жанасар бәлкім..
Осындай тойымсыздығым үшін кешір мені қазақ даласы.
Қақсоқпен ісі жоқ қарапайым халық мен сендерге қатты қызығамын. Ең бастысы сендердің ұйқыларың тыныш. Сенген серкелерің сенімдеріңе селкеу түсіріп жатса да жамандыққа қимайтын тұнық көңілдерің қандай. Сондай жақсылықтарыңды білмей есіріп, шетелге қашқанның бірі менмін. Жай қашқам жоқ миллиардты өңгеріп қаштым. ҮЛКЕН адамның сенімін ақтай алмай «ұяттан өртеніп» қаштым. Бұл жақтағы жағдайым жаман емес. Қазақ даласынан әкелген байлығым, беделіме әзірге нұқсан келтірген жоқ. Қайта осы елдің экономикасын көтеруге көмектесіп жатыр. Бәрі жақсы деп өзімді алдарқатсам да Қазақстандағыдай қайдан болсын. Қадағалау өте күшті. Ақшаның әр тиыны есепте. Шенеуніктері халыққа ғана жұмыс жасайды екен. Соған үйрене алмай жүрмін бір түрлі. Шалқу үшін қарпу керек. Қарпу үшін шарпу керек. Осы жағы қиын болып тұр. Түйе түгілі түймені жұтуға мұршамды келтірер емес. Сондай кезде саған қарап «ұлығым» келеді қайран қазақ даласы». Осы жерге келгенде көңілі босап, қолы дірілдеп кетсе керек жазуы айбақ сайбақ түсініксіз түсіпті қағаз бетіне. Оқығанмен бәрібір түсінбейтін болған соң көшірген жоқпыз құрметті оқырман.