Ж.ТҮЙМЕБАЕВ ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне арналған мерекелік шара аясында Өзбекстан Республикасынан келген делегация өкілдерімен және ҚР Парламенті депутаттарымен кездесті. Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің және Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Мәжілісінің депутаттары, көрші елдің Министрлер кеңсесі Халықаралық байланыстар және шет мемлекеттермен достық байланыстар орнықтыру кеңесінің мүшелері, Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері және ҚР Ш.Шаяхметов атындағы ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекшісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері қатысты.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Өзбекстаннан келген қонақтарға екі бауырлас елдер арасындағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстардың нығая түсетінін жеткізді.
«Ежелден туыстас қазақ пен өзбек жұрты Тұранды мекен етіп, қиыншылықты да, қуанышты да бірге көрді. Біздің тарихи тағдырымыз да, арман-мұратымыз да ортақ. Туыстығымыз тіл жақындығынан тамыр тартып, дәстүрімізбен жалғасып, салт-санамызбен қабысып жатыр. Бауырлас өзбек халқы іргелес жатқан қоңсы ғана емес, етжақын ағайын халық. Баршаңызға мәлім, соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтерілді. Теміржол тасымалы 44 пайызға артып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдарында егіздің сыңарындай болған елдердің басшылары талай толымды кездесулер өткізіп, бауырластықтың бүтіндігін, көршілік байланыстың кемелдігін көрсетті. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-экономикалық байланыстарды нығайту Сіз бен бізге жүктеліп отырған асыл міндет. Осы орайда алдағы уақытта бірлесе атқаратын ауқымды іс-шаралар жетерлік деп ойлаймын», — деді Жансейіт Түймебаев.
Өзбекстаннан келген делегация атынан Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Мәжілісінің депутаты Расул Кушербаев облыс басшылығына өзбек халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтауға арналған айтулы шараны қолға алып жатқанына алғыс білдірді. Сондай-ақ, ҚР өзбектерінің «Достық» қауымдастығы облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлын «Қоғам Белсендісі» төсбелгісімен марапаттады. Бауырлас елден келген қонақтарға сый-сыяпат көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі