«Әжемнің ұршығы»
Бауыржан Жакыптың «Әжемнің ұршығы» деген өлеңі ноутбугымда сақтаулы, ара-тұра оқып тұрамын. Баукең осы өлеңін тура менің апама (біздің Қордайда әжені солай атайды) арнап жазғандай көрінетін. Анаға деген сағыныш ешқашан да ортаймайды екен ғой…
Аналарымыз аман болсын!!!
Бір сәтке әже тыншып па ең –
Шүйкеге мол жіп жиылып,
Отырушы едің ұршықпен
Уақытты қоса иіріп.
Қолыңнан шыққан сыйлықтар
Қонатын үйге құт болып.
Секундтар және минуттар
Иірілетін жіп болып.
Сен жоқта көңіл серги ме,
Сағындық аңсап – бұл шыным.
Иесіз қалды төргі үйде
Киелі сенің ұршығың.
Кетсең де алыс Күнге ұшып,
Кетпейсің естен, ендеше,
Өзің боп мені жүр құшып
Сен тоқып берген кеудеше.
Өзімді сонда жұбатып,
Өмірге іштей күйінгем.
…Ұршық қой мына Уақыт
Жіп қылып бәрін иірген.