Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығына орай халықаралық конференция өтті  

 

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде  ақын, фольклортанушы, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұылының 160 жылдығына арналған «Мәшһүртанудың ғылыми негіздері – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, философия ғылымдарының докторы Гаухар Ахметова өз баяндамасында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  мұрасы бүгінгі күні өзектілігін жоғалтпағанын тілге тиек етті.

— Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының идеялары уақытқа бағынбайды, бүгінгі күні – XXI ғасырда өзектілігін жоғалтпаған. Біз үшін оның мұралары рухани даму бағытында өркендеу үшін таптырмас құрал іспеттес, — деді Гаухар Ахметова.

М.-Ж. Көпейұлының көпқырлы шығармашылығын талқылауға Үндістан мен Польша ғалымдары, филология, тарих, философия, лингвистика салаларының тәжірибелі сарапшылары бас қосты.

Джавахарлал Неру зерттеу университетінің компьютерлік және жүйелі ғылымдар факультетінің деканы және ақпараттық ғылымдар докторы, профессор (Нью-Дели, Үндістан) Кришан Лобиял  мен Варшава археологиялық институтының өкілі Михал Адамиак  онлайн режимде байланысқа шықты. Сонымен қатар, мәшһүртанушы-ғалымдар – ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы және ф.ғ.д., профессор Жантас Жақыпов қатысты.

Бұл күні «Мәшһүр Жүсіп әлемі» атты балаларға арналған көрнекі әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  шығармаларының ізімен жазылған ертегілер жианғының авторы – Ж. Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологиялары ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Жұматаева.

Сонымен қатар, конференция материалдары мен шығармалар жинақтарымен танысуға мүмкіндік беретін kopeyev.psu.kz сайты таныстырылды.

Конференция барысында М.Ж. Көпеевтің мәдени мұрасын насихаттау мен зерттеуге сүбелі үлес қосқан оқушылар мен олардың ата-аналарын Алғыс хаттармен марапаттау шарасы өтті.

Конференцияға облыстың 10 ауданы мен 3 қаласынан «Рухани жаңғыру»  бағдарламаларының курторлары мен әкімдердің орынбасарлары бастаған делегаттар қатысты.

Сонымен қатар, конференция жұмысына онлайн режимде екі мыңға  жуық жас ғалым, студенттер мен оқушылар қатысты. Онлайн-байланыс әлеуметтік желілерде де ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, жоғары оқу орнында 2004 жылдан бері Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы ғылыми-тәжірибелік орталық жұмыс істейді. 2006 жылы ақынның жамбасы жерге тиген Ескелді шатқалында жаңа кесене бой көтерді. Жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арналған музей-кабинет ашылып, «Мәшһүртану» пәні енгізілді. Ақынынң шығармаларының 20 томдық жинағы мен энциклопедия басылып шықты. Бүгінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасын зерттеуге қызығушылық танытқан жас ғалымдардың қатары артуда. Олардың қатарында Қазақстан, АҚШ, Түркия, Жапония елдерінің азаматтары бар.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы