ӘКІМДІККЕ ҮМІТКЕРЛЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жақында аудан әкімі аппаратының басшысы Сәбит Оразымбетов Жамбыл ауылында болып, Жамбыл
ауылдық округі әкіміне үміткерлерді жергілікті халықпен таныстырды. Аталған ауылдық округі әкімдігіне
үш үміткер тіркеліп отыр. Еске сала кетейік бұған дейін Жамбыл ауылдық округінің әкімі болған Ақылбай Шубаев 2018 жылдың 6 тамызында жұмысынан босатылған болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан
Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 36 -1-бабына сәйкес, әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап үш ай ішінде сайлау өткізіледі делінген. Аталған Заңның 36-бабына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін ауданның мәслихаты аудан әкімі ұсынған және жергілікті қоғамдастық
жиналысымен келісілген жиырма бес жасқа толған кандидатуралар арасынан баламалы негізде төрт жыл мерзімге қызметке сайлайды. Жиын басында аудан әкімі
аппаратының басшысы Сәбит Оразымбетов сайлау туралы тоқталып өткеннен кейін, үміткерлер жайлы да айтып өтті. Ақбақай әскерилендірілген тау-кен құтқару
бөлімінің құтқарушысы Жұманалин Тайғазы Санақұлы,
аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық
бөлімшесінің бас инспекторы Жаманқұлов Тұрсынхан Сейсембекұлы, Қызылотау ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы Абешбаева Рауан Асқарқызы әкімдікке ниет білдіріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ тағайындау тәртібін, мамандық біліктілігін орындаудағы
талаптарды алға тартқан аппарат басшысы әкімдікке үміткерлердің бұрын қайда, қандай қызмет атқарғандарын, қазіргі таңдағы қызметтері, жалпы толық еңбек жолдарына кеңінен тоқталып өтті. Кандидаттар таныстырылған
соң, жиынға қатысушы Жамбыл ауылының қоғамдастық өкілдері атынан сөз алған еңбек ардагері Жалдыбай
Қалымбетов үміткерлерге сәттілік тілей отырып, ауылдағы түйінді мәселеге айналған ауыз су, егін су мәселелерін қарастыру қажеттігін айтты. Сөйтіп, ауыл әкімі болып
Жұманалин Тайғазы сайланса деген өтінішін жеткізді.
Алдағы уақытта аудандық мәслихат депутаттары Жамбыл ауылдық округінің әкімі болуға ниет білдірген
үміткерлердің арасынан таңдау жасайтын болады. Дауыс беруде ең алдымен кандидаттың білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті мен бағдарламасы қаперге алынбақ.

Уалихан ЖАЙЛАУ,
«Мойынқұм таңы».
Жамбыл ауылы.