Павлодарлық ардагер жеңіл атлетшілер Азия-Тынық мұхиты ойындарының алтын медальдарына ие болды


Павлодарлық жеңіл атлетшілер Малайзияның Пенанг қаласында ардагерлер арасында өткен I Азия-Тынық мұхиты ойындарының жүлдегерлері атанды. Бұл туралы ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

— Әлемдік додаға қатысқан 7 қазақстандықтың барлығы жүлдегерлер қатарынан табылып, қоржынға 14 медаль салды, — деді баспасөз қызметінде. Олардың арасында Павлодарлық Виктор Бондарь 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль олжаласа, Виктор Молодцов 1 алтын мен 1 қолаға қол жеткізді. Ал, Валентин Ухов күміс медаль иеленді.

Виктор Бондарь 55-59 жас аралығындағы топта ойлы-қырлы жерлермен 10 шақырымға жүгіруден — 1 орын, кедергімен 3000 метрге жүгіруден — 2 орын, 1500 метр және 800 метр қашықтыққа жүгіруден — 3 орынға табан тіреген.

Виктор Молодцов 65-69 жас аралығындағы топта шарбалға лақтырудан 1 орын және диск лақтырудан 3 орын еншіледі. Ал, Валентин Ухов 70-74 жас аралығындағы топта кедергімен 2000 метрге жүгіруден 2 орынға қол жеткізді. Айта кетейік, аталмыш сайыста әйелдер үшін ең кіші топ 30-34 жас аралығында болса, ерлер үшін 35-39 жас аралығында болды. Жарыстың ең үлкен қатысушылары 85 және 85-тен асқан ардагерлер болды.

Барлығы I Азия-Тынық мұхиты ойындарына 4 құрлықтан жиналған 30 елдің ардагерлері қатысты. Жарыс бағдарламасына 22 спорт түрі енді.

Әлихан Рахметоллаұлы