Алдымен ата-ана жауап береді
Елімізде білімді дінтанушы-теологтар баршылық. Солардың бірі Қарағанды орталық мешітінің имамы Қабылбек Жұмабеков. Ол бүгінде өңірлерді аралап, мешіт жамағаттарына уағыз айтып, түрлі сұрақтарға жауап беруде. Танымал дінтанушымен біз де жолығып, жастарды жат ағымдардан сақтау мәселесіне қатысты бірнеше сұрақ қойған едік.
— Ассалаумағаликум, Қабылбек Әліпбайұлы! Өзіңіз білесіз елімізде дәстүрлі Ислам жолын яғни, Ханафи мазхабын мойындамайтын, салафизм бағытымен жүретін азаматтар өте көп. Әу баста бұған қалай жол беріп алдық?
— Уағалейкумассалам! Рас айтасың олар біздің мешіттерде өз діни көзқарастары мен ұстанымдарын ашықтан-ашық ұстанып келеді. Енді бұлар бізге қалай кіріп кетті? Соған тоқталайын. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда қазіргідей білімді дінтанушылар жоқ болатын. Міне, соны пайдаланып ел ішіне басқа ағымның өкілдері келіп, өз жұмыстарын жүргізе бастады. Себебі, еліміз алғаш Егемендік алғаннан кейін есік-тереземізді ашып, алыс-жақынмен байланыс ұстай бастадық ғой. Олар осыны өз пайдаларына асырып кетті. Мысалы үйге таза ауа кірсін деп есік-терезеңізді ашып қойсаңыз, таза ауамен бірге білінбей шаң-тозаңдар да кіріп кетеді емес пе? Ал, лас ауа үйге бір кіргеннен кейін өзіндігімен ешқашан шықпайды. Біздің діни ахуалымыз да осыған ұқсас болып тұр. Шетелдік шейхтардан білім алған олар діни білімі таяз қазақ жастарын өздеріне тарта бастады. Ал, оның соңы неге әкелгенін өздеріңіз білесіздер. Еліміздің бірнеше өңірінде жарылыс жасады, өрімдей жастар «мұсылмандар үшін жихат жасаймыз, шейт боламыз» деп шетелге кетіп қалды. Бара алмай қалғандар қолындағы бар дүние мүлкін сатып, ақша жіберді. Қазір талай қазақ баласы осы адасушылығының салдарынан темір тордың ар жағында отыр.
— Осы жат ағымның өкілдері халықты өз қатарларына тарту мақсатында қандай әдіс-тәсілдерді қолданады деп ойлайсыз?
— Олардың тактикасы өте күшті әрі қарапайым. Негізінен дінге енді келген жастарды тартуға тырысады. Әсіресе, ата-аналары дін ұстанбайтын, намаз оқымайтын жастарды оңай қолға түсіреді. Яғни, ата-анасының намаз оқымайтынын пайдаланып, олардан балаларын алыстату жұмысын жүргізеді. Ең алдымен егер ата-ана намаз оқымаса мұсылман емес екенін айтып, оларды дінге тартуға кеңес береді. Ал, ұстаздың уағызын тыңдап, айтқанына әбден иланған балалар оны ата-анасына бірден жеткізеді де, бірден бес парызды орындауға шақырады. Анасына орамал тағу керектігін айтады. Бірақ, бұрын ондайды көп естімеген үлкендер баласының айтқанын бірден тыңдай қоймайды ғой. Тіпті
«сен маған ақыл айтатын кімсің?» деп қатты сөйлеп, бетін қайтаруы да мүмкін. Міне, осы жерде олар ата-анасынан көңілі суып, отбасынан алыстай бастайды. Себебі, олар «Ата-анаң Исламның бес парызын толық орындамаса, мұсылман емес» деген сөзді жүректеріне түйіп алған. Бұдан кейн олар өздерінің әке-шешесі «өмірден адасқан адамдар» болып көрінеді, ана дүниеге барғанда бірден тозаққа кете беретін дінсіз болып елестейді. Үйде болған мына жағдайды олар салафизмдерге жеткізеді. Сол кезде олар: «Енді ата-анаңмен көп сырласпа, себебі олар мұсылман емес. Өзіңе тиісті бар мәселеңді бізбен бөліс» деп баланың ой-санасын, сенімін өздеріне қарай аударып алады. Әлеуметтік жағдайына қарайласады, жұмыс тауып береді. Тіпті, қаржылай көмек беруі де мүмкін. Міне, баланы ата-анасынан айыру үрдісі — олардың бірінші жоспары. Екінші мақсаты — жастардың мешітке және имамға деген көзқарасын өзгерту. Олар мұны біз ұстанған дәстүрлі Ислам жолын, Әбу Ханифа мазһабын бұрмалап көрсету арқылы жүзеге асырады. Бұған иланған жастар қазір мешітке келсе де имамның уағызына отырмайды. Бес мезгіл намазын өтейді де бірден сыртқа беттейді. Ал, одан кейінгі үшінші жоспары – жастарды билікке қарсы тәрбиелеу. Билікті мойынламайтын адамның санасында Отан, мемлекет деген ұғым болмайды. Бұл өте қауіпті.
— Өзіңіз білесіз, елімізде паранжа (ниқаб) киіп, қара жамылған әйелдердің қатары көбейіп келеді. Бұл туралы дін не дейді?
— Мұның Исламдағы үкімі – мубақ. Яғни, істесең сауап болмайды, істемесең күнә болмайды. Бұл «Әһли сүннет уәл-жамағат» ғалымдары бір ауыздан келіскен мәселесі. Әйел адамдардың беті мен қолы ашық жүруі дінде рұқсат етілген. Бұл туралы Құран Кәрімнің Ниса сүресінде айтылған. Мұны біздің елге кім әкеліп жатыр? Мұны сол жақта оқып білім алған адамдар алып келіп, біздің елге кіргізгісі келеді. Бірақ, бұл біздің мәдениетімізге де дәстүрімізге де жатпайды. Араб халқы мұны сол жақтағы ауа райының қолайсыздығына, яғни, күннің ыстықтығына байланысты киеді.
— Негізі салафизм ағымына мемлекет тарапынан заңмен тиым салғаны белгілі. Бірақ соған қарамастан олардың қарасы азаймай тұр. Сонда олар өздерінің үгіт-насихаттарын қоғамдық орындарда жасырын түрде жүргізіп отырғанға ұқсайды. Бұған не дейсіз?
— Қазір өздеріңіз білесіздер қазақ жастарының көбі спортқа бет бұрды. Бұрынғыдай емес уақыттарын тиімді іспен өткізуге бет алды. Спорттық орындарға көп барады. Бұл қуантарлық жағдай болғанымен екінші қорқатын жағы да бар. Себебі, салафизм өкілдерінің көбі осындай спорттық үйірмелерде жүреді екен. Олар балаңызбен танысады, жөн сұрасады. Дайындықтан кейін бірге отырып шай ішеді. Кейін оны өздерінің діни сенімдерін санасына құя бастайды. Ал, мұндай жерде имамдар ешнәрсе істей алмайды.
Себебі, біз уағызды тек мешіттерде ғана айта аламыз. Басқа қоғамдық орындарға барып дін насихаттау – заңсыздық. Бірақ, олар бұл заңға бағынбай отыр. Сондықтан, кейде «Имамдар қайда қарап отыр» деген әңгіме естиміз. Бұлай айту – орынсыз. Біз сырттағы баланың кіммен байланыс жасап жүргенін білмейміз. Бұған ата-аналары өздері жауапты. Сондықтан, жастар кіммен байланыс жасайды, қандай жерде немен шұғылданады дегенді үнемі бақылап отырмаса болмайды.
— Енді осының алдын алу үшін ата-аналар не мәселеге көп көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?
— Жастардың жат ағымның жетегіне еріп кетпеуі алдымен ата-анаға байланысты. Яғни, үйдің үлкендері діннен хабары болуы керек. Дәстүрлі Ислам жолы мен салафизмнің аражігін ажырата білетін діни сауаты бар адамдар мұндайға жол бермейді. Екінші мәселе ата-ана баласымен жиі сырласып, жиі әңгімелесуі керек. Яғни, баласының кіммен араласып, дінді қайдан үйреніп жүргенін сұрап, біліп отырған дұрыс. Егер, дінді мешіт имамдарынан емес басқа бір «көлденең көк аттылардан» үйреніп жүргенін білсе бірден оған тосқауыл қойып, оны сол күннен бастап мешітке кіргізу керек. Ал, мешіттен сабақ алған балалар ешқашан теріс жолға, теріс ағымға кетпейді. Халық осыны түсіну керек. Біз жұртпен жи жүздесеміз, уағыз айтып, діннен дәріс береміз. Сонда байқағаным уағыз тыңдап, сабақ алуға келетін жамағаттың 80-90 пайызы жастар болады. Яғни, олардың дінге деген құлшынысы өте жоғары. Бұл әрине қуанатын жағдай. Бірақ балаларымен қатар үлкендер де жиі келіп тұру керек. Бұл — бірінші өзі үшін болса, екінші балаларының болашағы үшін қажет. Содан кейін мешітте үйренгенін үйге жеткізіп, ақырындап баласының санасына сіңіре бастау керек. Себебі, бала басқа бір адамнан гөрі ата-ананың айтқанын тез қабыл етеді ғой. Ал, бізде керісінше болып тұр. Дінді бірінші жастар үйренеді де олар ата-аналарын шақырады. Міне, бала мен ата-ана арасындғы кикілжің осындайда туындайды.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Ел іші тыныш болсын!
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.