Павлодарлық журналистер республикалық байқаудың жүлделеріне ие болды
«Pavlodarnews.kz» АА тілшісі Ақбота Сейсенбаева БАҚ өкілдері арасында бизнес туралы үздік материал жариялап, республикалық байқауда 1-орынға қол жеткізді. Елордамыз Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында ЕАЭО нарығындағы қазақстандық кәсіпкерлік пен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы туралы үздік материал жариялаған БАҚ өкілдері арасындағы жыл сайынғы республикалық байқаудың марапаттау рәсімі өтті.
Байқауды ұйымдастырушы «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы хатшылығының жетекшісі Ләззат Рамазанова жыл сайын қатысушылардың саны артып келе жатқандығын атап өтті.
— Бүгін байқау қорытындысы бойынша 13 жүлдегерді анықтап отырмыз, — деді Ләззат Рамазанова. – Бізге жіберілген материалдар саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге өсіп, 300-ге жетті. Оның себебі, бизнеспен айналысу қарқын алып жатқандығы деп ойлаймын. Жалпы осы байқау арқылы өңірлік БАҚ-тың әлеуеті зор екенін, жаңашылдыққа ашық екенін байқадық.
Байқау төрт номинация бойынша ұйымдастырылды. Төрешілердің шешімімен «Интернет-БАҚ бетіндегі үздік сараптамалық материал» бағытында «Pavlodarnews.kz» АА тілшісі Ақбота Сейсенбаеваның еңбегі үздік деп бағаланды.
— Байқауды ұйымдастырушы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына зор алғыс білдіремін, — деді Ақбота Сейсенбаева. – Байқауға материалымды соңғы сәтте жібердім. Жалпы, кәсіпкерлер туралы жазған өзіме қызықты. Өйткені, бизнестің дамуы – қоғамда жаңа жұмыс орындарының құрылуы, еліміздің дамуы деп білемін.
Сонымен қатар, павлодарлық «Халық радиосының» жүргізушісі Гүлайым Тасова «Үздік радио-сюжет» бағытында арнайы сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, 300 еңбектің ішінен үздік 16-ның авторларына ақшалай сыйлық табысталды. Бірінші орын алғандар 300 мың теңгеге ие болса, екінші орын иеленгендерге 200 мың теңге, үшінші орын иегерлеріне 100 мың теңге берілді. Байқаудың жалпы қоры — 2,28 млн теңге.
Әлихан Рахметоллаұлы