Шымкент әлем назар аударатын таңғажайып қалаға айналады
Аңдатпа: Тұрғындары миллионнан асқан Шымкент қаласы Елбасымыздың тікелей назарында екені белгілі Президентіміз қаланың болашақ тағдырын әкім Ғабидолла Рахматоллаұлы мырзаға сеніп тапсырды. Қазір миллионды қаланы көркейтуде көптеген ірі жобалар жасалынған. Біз бүгін дәстүрлі «Шымкент шырайы» бетімізді осы мәселеге арнап отырмыз. Осы ұлы мақсат, жобалардың сәтті жүзеге асуына Ғабидолла Рахматоллаұлыға сәттілік тілейміз.
Шымқаланың жасы 2000 жыл
Миллионды қалаға айналған Шымкенттің тарихы да тереңде. Рас, Шымқаланың нақты жасының нешеде екенін дөп айту мүмкін емес. Дегенмен қайбір жылы қазба жұмыстарымен айналысып, үлкен олжаға кенелген археологтардың табылған заттардың 2200 жыл бұрынғы заманға тиесілі екенін болжаған болатын. Ал жергілікті тарихшы Момбек Әбдәкімұлы Шымкент туралы алғашқы жазба мәлімет Шарафаддин Йаздидің Ақсақ Темір жорықтары туралы жазған «Зафар-наме» (Жеңіс кітабы) деген еңбегінде кездесетінін айтады. Аталған еңбекте Ақсақ Темір 1365-66 жылдары Моғолстанға бара жатқан жорығында алдында жүріп кеткен әскері мен жүк артылған көліктерін Сайрам маңындағы Шымқала деген қоныста кездестірді деп жазған екен.
«Археологиялық қазбалар Шымкенттің Шарафаддин Йазди жазған уақыттан көп бұрын пайда болған қала екенін дәлелдеп жатыр, — дейді тарихшы Момбек Әбдәкімұлы. Мысалы, өткен ғасырдың басында қаланың бұрынғы қамалының орнынан табылған бір еркек пен бір әйелдің мәйіттері зороастралық дәстүрмен жерленгені анықталды. Осындай анықтамалардан кейін ғалымдар бұл мәйіттің иелері осыдан 1500 жыл бұрын жасаған адамдар екенін мойындаған. Демек, заманымыздың V ғасырында бұл жер адамдардың үлкен қауымы тұрған қоныс болған.
Солай десек те, басқа бір археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қолға түскен заттай айғақтар Шымкент аумағында адамдар V ғасырдан әлдеқайда бұрын тұрғанын әйгілейді. Бір кездері бұрынғы «Фосфор» зауыты маңайынан және қаладағы қазіргі «Май комбинаты» тұрған жерден табылған керамикалық бұйымдар заманымыздан 2 мың жыл бұрынғы, яғни Андронов мәдениеті кезеңінің заттары екені анықталған. Ал «Химфарм» зауытының жанынан табылған қола қанжар б. з. мың жыл бұрынғы Сақ дәуіріне жататыны дәлелденген. Ал 2003 жылы «Шымкенттің орта ғасырлық кезеңін археологиялық қазбалар бойынша зерттеу» жобасымен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер бұл қаланың өте ескі шаһар екенін айқындап берді.
Қазба кезінде топырақтың үстіңгі қабатынан ҮІІІ ғасырға жататын бетінде «Әл-Махди» деп жазылған жазуы бар монета, ҮІІ-Х ғасырларға және Қараханидтер дәуіріне жататын керамикалық заттар қолға ілікті. Ал терең жерден заманымыздан бұрынғы ІІ ғасыр мен заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырларына тиесілі аса құнды жәдігерлер табылды. Ғылымда мұндай жәдігерлер көне Соғды жұртына тән екені белгілі еді. Осыған қарап, ғалымдар көне Шымкент тұрғындары Самарқанд жұртымен тығыз байланыста болғанын нақтылады. Осыдан кейін археолог ғалымдар Шымкент қаласының жасы 2000 жыл бұрын осы жерде әжептеуір көлемдегі қалашық болған деген тұжырымға келді. Осылайша, жоғарыда жазылған Андронов мәдениеті мен Сақтар дәуірі кезеңінің заттай айғақтары осы қазба кезінде табылған бұйымдармен сәйкес келіп, Шымкенттің (Шымқаланың) өте көне қоныс екені анықталды».
Бас бармақпен бағалайтын жобалар
Тарихқа бай Шымкенттің кезекті бір дәуірінің жаңа парақтары ашылғалы тұрғанын мұнда іске асырылмақ жоба-жоспарлардың ауқымдылығынан аңғаруға болады. Айталық, 2020 жылға дейін Шымкентте әуежайдың жаңа терминалы мен теміржол вокзалының жаңа ғимараты салынады. Құрылыс әуе компаниялары мен ҚТЖ қаражаты есебінен жүргізілмек. Қазіргі таңда SCAT компаниясының қаражаты есебінен әуежайдың жаңа терминалын салу бойынша келісімге қол қойылған. Шымкент әуежайында бой көтеретін жаңа терминалдың құны — 17,5 миллиард теңге. Әуе компаниясы 50 миллион доллар көлемінде инвестиция салуға әзір. Қала әкімдігі терминал құрылысы мен оған апаратын жолды салу үшін 2,8 гектар жер телімін бермек.
Қала әкімі осы қызметке келгелі қолға алған айрықша жобалардың бірі — «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені екенінде талас жоқ. Жобалаушылар мұны бас бармақпен бағалайтындай тамаша кешен болатынын тамсанып айтады. Тамсануға тұрарлық жоба болса керек, қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің етегінде 427 гектарды алып жатқан аумақта болашақта 50 мың адам қоныстанбақ. Қазір онда жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары аяқталған. Жаңа қалашықта тұрғын үйлер салуға «Highvill» (51 га) «BAZIS-A», «Bi Group» (5 га), «Отау Строй» (14 га) компанияларымен келісім жасалған. Бұл аумақта 300-ден астам көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеретін болады. Сонымен қатар, «Highvill» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 49 гектар алаңға құны 5 миллиард теңге тұратын саябақ салуға келісіп отыр. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент СИТИ-дің» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болатынын әу баста-ақ айтқан, қазір де қайталаумен келеді. Жоспар бойынша қала ішіндегі қалашық құрылысы 2020 жылға таман толық аяқталуы тиіс. Алла амандығын берсе, шаһардың мақтанышына айналатын ол кешенді де көретін күн алыс емес секілді.
«Шымкент — СИТИ» кешені Шымкентте жүргізіліп жатқан құрылыстың бір бөлшегі ғана. Одан бөлек те қалада қаншама құрылыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Мәселен, былтыр Шымкентте 25 тұрғын үйге тапсырыс берілген болса, биыл 58 тұрғын үй салынды. Яғни, екі еседен аса көбейіп отыр. Сондай-ақ былтырдың өзінде қала аумағында 5 бірдей саябақ бой көтерді. Жалпы, бүгінгі таңда Елбасымыздың Бес әлеуметтік бастамасын орындау аясында Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 175 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл баспанаға мұқтаж тұрғындардың мәселесін шешуге жол ашады. Баспана тапшылығын азайту үшін келер жылы 56 миллиард теңгеге 8 арендалық және 68 несиелік көпқабатты үй салу жоспарлануда.
Жалпы алғанда, Шымкентті үздіксіз дамытып отыру үшін бірінші кезекте тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін оң шешпей тірлік оңғарыла қоймас. Ал бұл мәселені оңтайлы шешуде Елбасының ұсынған «7-20-25» бағдарламасы айрықша септігін тигізгелі отыр. Жуырда Шымқалада осы бағдарламаның мүмкіндігі қайта қаралып, тұрғын үй құнының лимиті Ұлттық Банк басқармасы қабылдаған қаулыға сәйкес, 15 миллион теңгеден 25 миллион теңгеге дейін ұлғайтылғаны қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. Демек, қала тұрғындары үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға деген қолжетімділік тағы бір қадамға алға жылжыды деген сөз. Ал бүгінде шаһарда 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда.
Осы тұста жуырда тұрғындар үшін баспаналы болуда тағы бір жеңілдік жасалғанын айтпай кетуге болмайды. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы мен «Баспана» ұлттық ипотека компаниясының жетекшісі Қайрат Алтынбеков әріптестік меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға байланысты түсінік берген шаһар басшысының мәлімдеуінше, жергілікті билік баспаналы болғысы келетін азаматтарға көмектеспек. Яғни, өтініш берген азаматтарға пәтер алу үшін 20 пайыз бастапқы жарнаның тең жартысы көлемінде қайтарымды субсидия беріледі. «Көптеген азаматтарға 20 пайыз көлеміндегі бастапқа жарнаны табу қиын, сондықтан қала әкімдігі қосымша 2 миллиард теңге бөледі, — деді Ғ.Әбдірахымов. Бұл қаржының 500 миллион теңгесі биыл бөлінеді. Бұл субсидия жас отбасылар мен бюджеттік қызметкерлерге баспаналы болуға мүмкіндік береді». «Баспана» компаниясының жетекшісі де мырзалық танытып, өз компаниясы тарапынан бағдарламаның дамуын қолдау үшін 20 миллиард теңге бөлетінін айтып, айды аспанға шығармаса да адамдардың арман жетегінен мықтап ұстауына мүмкіндік ашқандай болды. Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы Шымкентте екі бағытта жүзеге аспақ — жас отбасыларға арналған «Жас арман» және мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлерге арналған «Қамқор баспана» бағдарламасы. Назарларыңызға сала кетсек, бұл желі бойынша қазіргі таңда 8 үй кешеніндегі 136 пәтер дайын, ал жыл соңына дейін жалпы саны 411 пәтер дайын болмақ.
Жеті айда — 250 миллиард…
Миллионды қаланың тіршілігін жандандыруда күре тамыр саналатын саланың бірі — кәсіпкерлік екенінде дау жоқ. Басқаша айтқанда, кәсіпті дамытпай нәсіпті еселеу жоқ. Сан салалы кәсіпкерлік саласының тыныс-тіршілігіне көз жүгіртсек, көптеген игі істердің жүзеге асып жатқанын көруге болады. Мәселен, қалада «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Аталған аймақтарға 58,5 миллиард теңге инвестиция салынып, 66 кәсіпорын іске қосылған. 4 890 жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 миллиард теңге инвестиция салып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланған. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша агро-өнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға АГРО — индустриалдық аймақ құру жоспарланып отыр. Онда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес-орталық және қонақ үй орналасатын болады.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, жеті айда Шымкенттің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 250,8 миллиард теңгені құрады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға 2018 жылы 1 337,7 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін — 247,2 миллион, әлеуметтік жұмыс орындарын құру үшін — 184,8 миллион, жастар іс-тәжірибесіне — 618,3 миллион, қоғамдық жұмыстарға — 284,4 миллион теңге жұмсалды. Бағдарламаның екінші бағытын іске асыру аясында 2018 жылы қаңтар–маусым айларында 829 миллион теңге сомасына 64 шағын несие берілді. Осы жылдың қаңтар–шілде айларында қала бюджеті 63,8 миллиард теңгеге орындалды. Қалалық бюджеттің өз кірісі 32,7 миллиард теңгені құрап, болжамның орындалуы 106,9 пайызға жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджетке түсімдер 5 470 миллион теңгеге артқан.
Қаланың солтүстік бөлігін электр қуатымен қамтудың негізгі көзі болатын 220 киловольт «Бозарық» шағын станциясының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 250 мың қала тұрғыны сапалы электр қуатымен қамтылады деп күтілуде.
Сәнді, саялы орындар саны артады
Шымкент қаласының тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін көпшілік серуендейтін орындарға баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, соңғы жылдары іске асырылған жобаларды алар болсақ, шаһарды шыр айналып ағатын, оның шырайына шырай қосып тұрған Қошқар ата өзенінің сағасы демалушылар үшін таптырмас орынға айналды. Әсіресе, шілденің шіліңгір ыстығында қалалықтардың ең жиі табан тірейтін орны осы өзеннің сағасы болып тұр. Өзен бойынан «Отбасы» аллеясы орын тепкен. Өте сəнді əрі саялы аллеяда үй жануарларын серуендетуге арналған алаңқай да бар. Сондай-ақ, “Шымкент Келбеті” және “Панорама Шымкента” газеттері атындағы керемет гүлзар да дəл осы аллеяда орналасқан. Одан бөлек қала ішінен саясы жайлы бірнеше аллея халық игілігіне берілді. Енді жыл соңына дейін жаңа Арбат пайдалануға берілмек. Атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, көпшілік сейіл құратын тағы бір аймақ – қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінің бір бөлігі болмақ. «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен көшені демалыс орнына айналдыру үшін қала қазынасынан 560 миллион теңге бөлінген. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Ұзындығы 430 метрді, ені 35 метрді құрайтын демалыс аймағы толықтай жарықтандырылып, арнайы субұрқақтар орнатылады. Сонымен қатар, келешекте мұнда велосипедпен серуендеу үшін арнайы вело жолақ салынбақ. Ал көлік қатынасына шектеу қойылады. Арбаттың бір аумағы шығармашалық иелеріне шабыт сыйлайды. Ал суретке түсуді ұнататын жандарға арнайы селфи-аймақ жабдықталады. Демалыс орнының дəл ортасында граниттен Қазақстанның атлас картасы жасалады.
Кезінде «Көл» деп аталған базар қаланың көркін бұзғанымен қатар келушілерге өте ыңғайсыз, әрі санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптары мүлдем сай келмейтін. Осы базар қаланың сыртына көшіріліп, оның орны бүгінде жұртшылық тынығатын орынға айналған. Осы аймақтың жоғарғы тұсында «Қырғы базар» орналасқан. Оның шыжығы жайлы да аз айтылмайды. Міне, көпшіліктің сынына жиі ұшырайтын осы базарды да үлкен өзгерістер күтіп тұрғанға ұқсайды. Ендігі жерде ол базар ғана емес, шеттен келгендердің қызыға тамашалайтын туристік аймаққа да айналмақ. Жауапты мамандардың айтуынша, «Қырғы базар»-дың кіреберіс алаңында жаңа гүлзар пайда болады, сондай-ақ кіреберіс қақпалары қалпына келтіріледі. Олар шығыстық үлгіде жасалынбақ. Жоспар бойынша, базардың алды ғана емес, базардың өзі де жаңа кейіпке енбек. Мұнда келушілердің қауіпсіздігі үшін Face ID және Touch ID жүйесін іске қосу да жоспарда бар екен.
Тасымал сапасы түбегейлі өзгереді
Жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қай саланың жұмысы ақсап жатқанын анықтау үшін тұрғындардан шағым қабылдаған болатын. Соның нәтижесі бойынша ең көп шағым айтылатын сала — жолаушылар тасымал екені белгілі болды. Осыған байланысты жолаушылар тасымалына айрықша көңіл бөлініп, бірқатар жаңалықтар енгізілуде. Атап айтар болсақ, Шымкентке биыл 300 жаңа автобус алынбақ. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері айтты. Олардың мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда қаладағы автобустардың 47 пайызы тозған, яғни пайдалану мерзімі 8 және 15 жылдан асқан. Сол себепті 1 мың автобус алу көзделіп отыр. Оның 300-і биылғы желтоқсан айына дейін, қалған 700 автобус 2019 жылы алынады деп жоспарлануда. Бұл туралы мамандар былай дейді: «Шымкенттегі автобус паркін жаңалау үшін қоғамдық көліктердің қаржысын бөліп алу қарастырылуда. Бұл орайда қалалық әкімдік тарапынан «БРК-Лизинг» АҚ – қостанайлық «Сарыарқа автопром» мекемесімен үшжақты меморандум жасалды. «БРК-Лизинг» АҚ арқылы 1 мың автобусты 7 жыл мерзімге алғашқы жарнасы 15 пайыз, жылдық 7-8 пайыз ставкамен бөліп төлеуді ұсынды». Жалпы, Шымкент қаласында қазіргі таңда 26 көлік компаниясы 1090 кестемен қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта Шымкенттегі қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Пилоттық жоба алдымен 30 автобусқа енгізілмек.
Соңғы жылдары Шымкенттің даму көрсеткіштері көңіл қуантарлық дәрежеде. Әрине, олардың барлығын бір мақалада қамту мүмкін емес. Ең бастысы, еліміздің үшінші мегаполисі өзіндік өрнегімен дамып келеді. Жаңадан бой көтеретін мөлтекаудандар Еуропалық үлгіде салынатын болса, тарихи ғимараттар шығыс үлгісін сақтап қалатын болады. Бұл туристердің қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.
Шадияр МОЛДАБЕК