Павлодарлық диқандар аса мол астық жинап жатыр
Павлодар облысында дәнді дақылдар 60 пайызға жуық жиналып бітті. Кейбір аудандардағы астықтың шығымдылығы гектарынан 30 центнерді құрайды.
Успен ауданында күзде егілген астықты алқаптың гектарынан 30 тонна жиналып, аймақ бойынша рекорд орнатылды. Жалпы, өңір бойынша астықтың орташа шығымдылығы гектарынан 11,4 центнерді, ал, жалпы өнім 480 мың тоннаны құрайды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша биылғы жылы өңірдің шаруалары 1,055 гектар аумақтан астық жинауды жоспарлап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артық. Астықты алқаптардың басым бөлігінде дәнді және майлы дақылдар егілген. Яғни, дәнді дақылдар – 729 мың гектар және майлы дақылдар — 215,9 мың гектарды құрайды.
Қазіргі кезде өңірде 422 мың га аумақта астық жиналып болды. Бұл дәнді дақылдар егілген аумақтың 58 пайызын құрайды. Гектардың орташа шығымдылығы 11,4 центнер деп есептесек, жалпы өнім 480 мың тоннаны құрайды. Сонымен бірге, аграрийлер картопты 71%-ға (гектардың орташа шығымдылығы 281 центнер деп есептегенде 353 мың тонна), көкөністерді 60%-ға (гектардың орташа шығымдылығы 278 центнер деп есептегенде 116,0 мың тонна), сондай-ақ, бақшалық дақылдар 100% (гектардың орташа шығымдылығы 284 центнер деп есептегенде 81,5 мың тонна) жинады.
Биылғы жылы күзгі орақ маусымы кезіндегі шаруалардың дизель отынына деген сұранысы 21 мың тоннаны құрады. Жанар-жағармайдың барлық бөлінген көлемі толықтай төленіп, 14,8 мың тонна шаруаларға жеткізілді.
Шөп шабу науқанына келсек, фермерлер 1,5 миллион гектар аумақта жұмыс істеп, 1,2 миллион тонна жем-шөп әзірледі.