Азат Перуашев Санкт-Петербург Орман технологиялық университетінің ректорына осы оқу орнының түлегі Әлихан Бөкейханның мемориалды тақтасын орнату туралы ұсынысын жолдады

 Азат Перуашев Санкт-Петербург Орман технологиялық университетінің ректорына осы оқу орнының түлегі Әлихан Бөкейханның мемориалды тақтасын орнату туралы ұсынысын жолдады.

Хатта есімдері революцияға дейінгі Ресейдің, КСРО және оның бұрынғы республикаларының тарихына кірген көптеген танымал және аты аңызға айналған адамдар аталмыш жоғарғы оқу орнының қабырғасында оқып, жоғары білім алғаны жөнінде айтылған. Университеттің ең айтулы түлектерінің бірі –  XX ғасырдың басындағы Ресей мен Қазақстанның ірі қоғам әрі мемлекеттік қайраткері Әлихан Бөкейхан.

Ол I Мемлекеттік Думаның депутаты, Уақытша үкіметтің комиссары болған.
1917 жылдың қараша айында Бүкілресейлік құрылтай жиналысында депутат болып сайланды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық қозғалысының көшбасшысы, «Алаш» қазақ автономиясының негізін қалаушы және жетекшісі болғандықтан да ол шын мәнінде Қазақстанның мемлекеттілігін қалыптастырудағы ең көрнекті әрі біртуар тұлға болып саналады.

«Орыс және қазақ халықтарының достастығын нығайтуға үлес қосқан ғалым және мемлекет қайраткері ретінде оның орасан зор еңбегін мойындап, А.Бөкейханға құрмет білдіре отырып, «Ақ жол» фракциясының депутаттары Сізден университеттің бас оқу корпусының ғимаратына келесідей жазбамен мемориалды тақтаны орнату мүмкіндігін қарастыруыңызды сұрайды:

«Бұл жерде 1890-1894 жылдары Императорлық орыс географиялық қоғамы (ИОГҚ) Батыс Сібір бөлімінің Өкім етуші Комитеттің толық мүшесі және мүшесі, төрт ғылыми экспедицияның қатысушысы, Конституциялық Демократиялық партияның Орталық комитетінің мүшесі, 1906 жылы Ресейдің I Мемлекеттік Думасының депутаты, Қазақстан бойынша Уақытша Үкіметтің комисссары, көрнекті қоғам және мемлекеттік қайраткер, журналист, біртуар ғалым-энциклопедист, аудармашы – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (Бөкейханов) білім алған», — деп айтылған Азат Перуашев қол қойған өтініш хатта.

 27 қыркүйек 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі