Павлодарда «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының облыстық слеті өтті

Павлодар облыстық білім беру басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті ұйымдастыруымен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слеті өтті.

Шара М.Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайында болды. Шараның мақсаты – рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиені нығайту, жас ұрпақтың бойына саяси-құқықтық білімдерін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.

Жиынға аудандар мен қалаларда құрылған «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшелері, аудандық және қалалық конкурстардың жеңімпаздары, сондай-ақ, облыстық мамандандырылған мектептердің белсенділерінен құрылған 19 команда қатысты. Жалпы саны — 190 оқушы.

Слет 4 конкурс бойынша өтті: Бірінші кезекте «Сыбайлас жемқорлықсыз өмір – дұрыс өмір» тақырыбында театрландырылған көрініс қойса, екінші бөлімде өздерінің дайындап әкелген бейнероликтерін көрсетті. Үшінші конкурста «Оқушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу» презентациясы болды. Онда 2017-2018 оқу жылында өткізілген іс-шаралар туралы материалдар болды. Соңғы сайыста «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары» тақырыбында балалардың шешендік өнерін бағалады.

«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слетінде командалық есеп бойынша облыстың ең үздік клубы бойынша, Ақсу қаласының Жамбыл орта мектебінің клубы І орын, Май ауданының «Таза жүрек» клубы ІІ орын, Шарбақты ауданының « Әділетті болашақ» клубы І орынды жеңіп алды..

Слеттің жеңімпаз командалары дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.