СӘЛЕМІҢ ТҮЗУ МЕ?
Адамдардың бір-біріне сәлемі түзу, дос, бауыр болғаны, әрине, ғанибет! Көшеде не қаға берісте екі жігіттің бір-бірін «сабап» тастардай боп, үлкендерді қағып-соғып сарт-сұрт иық қағыстыра амандасуына, бойжеткендердің тар тротуарды бүкіл денелерімен жауып тастап, үш мәрте бет түйістіре сүйісіп сәлемдесуіне, көрген бетте-ақ сәлемін өкпе-реніштен бастайтын ағайынның «аман-саулығына», көшенің арғы бетінде кетіп бара жатып, мына беттегі көптен көрмеген танысына: «Төөөу! Кісі боп кеткенбісің? Жан-жағыңа қарайтын түрің жоқ қой, тіпті?» деп қол бұлғай салатын сәлемшіге, қазақы дәстүрге жат екенін сезсек те, бой үйренісіп қалған. Баяғы «Ассалаумағалейкум!» деп қос қолдай амандасар қазақ сирек бүгінде. «Армысың!» деп құшағына алар бауырың тағы жоқ. «Сәлем!», «привет!», «қалай!», «здрасті!» деп жүргендерді көресің. Бұл шет елге еліктеген елірме амандасулар. «Мен қол беріп амандасқанды онша ұната қоймайтын қазақпын, бас изесең жетеді» деп «тектіліктің текесі» боп жүрген замандастарымыз да жетерлік. Хадисте жазылған сәлем беру әдептеріне сүйенсек, аттылы – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке, жасы кіші – үлкенге, ер адам – әйелге бірінші сәлем берген. «Кім бірінші сәлем берсе – Алланың нұры жауғаны» дейді.
Ілгерірек қайсыбір қазақ та бөтен үйге енгенде, танысын-танымасын, «Ассалаумағалейкүм!» деп жалпыға сәлем бере амандасқан. Тіпті, баспанада адамдар жоқ болса да, «Ассалаумағалейкүм!» деп дауысын соза шаңыраққа сәлем беру әдеті қалыптасқан.
Мұндайда Бұхар жырау:
Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы, – деп сүйсінген.
Әлдеқайда асыққан жастардың «шолақ» сәлеміне қарап, таяу болашақта амандасуды мүлдем жиып тастап, бір-бірімізге «Һай!» деп қол бұлғай салмасақ етті деп қорқасың кейде.