Ашамай

Ашамай — жеті жасқа жетпеген бөбектерге арналған, атқа ерттелетін ер-тоқымның бір түрі. Баланың жасына қарай қолтырмаш, тепкішек байланады. Қолтырмаш — ашамайдың арқасынан екі жағына бір жақ басынан бүлдіргелеп бекітілген екі шабақ ағаш. Бала ашамайға мінгенде баланың екі қолтығы астынан сүйемелдеу үшін шабақ ағаштың алдыңғы бір ұшын ашамайдың алдына бүлдіргелеу арқылы байлайды. Аттың оқыс қозғалысы, сүрінуі, үркуі кезінде бала аттан түсіп қалмауы үшін жасалған байлау әдісі. Баланың қолтығының астынан байлағаны үшін «қолтырмаш» деп аталып тұр.

Тепкішек деген ашамайдың екі қапталына қоржын сияқты түсіріліп қойылған екі дорба. Сәндеп, ою-өрнек салып, жұқа, жұмсақ киіз дорбаға бала екі аяғын салып отырады. Баланың аяғы, екі тізесі тоңбайды. Осы киіз дорба балаға үзеңгі орнында, баланың аяғын қозғап, тебініп отыруына ыңғай тудырғаны үшін тепкішек аталғаны анық. Қолтырмашты, тепкішекті ашамай, қолтырмашты, тепкішексіз және қолтырмашсыз, тепкішексіз ашамай болып келеді. Екі ағаштан қиып жасалған алдыңғы қас, екі ағаштан қиып жасалған артқы қас, екі қаптал, бір белағаш, екі ішпек, бір терлік, екі айыл, екі қолтырмаш, екі қалталы тепкішек және аттың басында ноқта, жүген, шылбыр, тізгін болады. Қасқа көшіп — қонып жүргенде сәбилер жеті жасқа дейін ашамайға мінеді.

Бекболат Майлыбаев  фб парақшасынан