ОРАЛХАН БӨКЕЙ
ОРАЛХАН БӨКЕЙ: Өмірден өз жолын таппаған адам — өзін-өзі жоғалтқан адам. О баста табиғат сыйға тартқан дарын кәдесі қыруар іргелі істің құрбандығында емес, әншейін күлді-бадам, тіршіліктің көп-көп тентіреп көлбірте соқпағымен кетсе, ондай адам — әрине, өзін-өзі жоғалтқан адам. Жоғалу үшін әлдекімнің ақылы қажет пе, жо-жоқ, жоғалу үшін «таудай талапты бармақтай баққа» садақалап жіберсең болғаны. Айталық, алтынның асылдығы, тіпті де сирек кездесетіндігінде емес, әманда тот басып тозбайтын шынайы тазалығында шығар. Егер адамзат игілігіне жаратпаса, алтынның да арзандап кетері хақ. Егер табиғат берген талант өз көзін таппай ерте тапталып қалса, нағыз аянышты өмір басталады, яғни өмірде ешнәрсеге риза болмайтын, өмірде өзгеше еш нәрсе жасауға талпынбайтын қара қазанның қамын ғана қанағат тұтар, жатбауыр да өзімшіл дүбәрә пенде осылайша қалыптасады. Біздіңше, табиғат әркімге де о баста шағындап дарын дарытатын секілді, соның ілеуде біреуі ғана өз қасиетін өзі танып, жас балаша мәпелеп, тәрбиелеп сылап-сипап жетілдіреді білем, иә ұзақ еңбекпен жетілдіреді. 1971 ж.