ШЕР – АҒА ТУРАЛЫ
ШЕР – АҒА ТУРАЛЫ (1- бөлім)
-Меңдеке, бұл сенің мәселең!
ҚР Мемлекеттік Телерадио комитетінің Төрағасы Шерхан Мұртаза арыстандай айбатты дауысымен гүр еткен.
– Мына қызметкеріңмен сөйлес, осымен лездеме бітті!-деп орынан тұрған.
Ол кезде Қазақ радиосындамын. Әр дүйсенбі сайын Телевизия жеке, Радио жеке Төрағаның қатысуымен өтетін екі сағаттық лездемеге қатысу міндет. Лездемеде аптада өткен хабарлар талқыланып, шолу жасалатын. Төраға қортынды сөзінен соң “айтарларыңыз бар ма?-деп сұрайтын. Сондағы сұрағымызға жауап осындай болған.
Әмірхан Меңдеке – Қазақ және Шалқар радиоларының Бас директоры. Шер-ағаның командасынан.
-Шер-аға аман болса, осы комитеттегілердің бәрі үйлі болады. Радиоға келгеніңізге де үш жыл ғана толыпты. Әрі, жыл бұрын Сағат Әшімбаев бір бөлмелі пәтер берген екен. Мықты репортерсыз. Қызметіңді өсірем,-деген бастығым Төрағаның ескертуін орындау мақсатында.
Шер-аға Телерадиоға Басшылығына келе қалғанда 70 пәтерлі үй бөліске түскен. Алғашында одан дәмеміз болмады. Ондаған жылдан бері кезекте тұрғандар жетерлік. Әрі Шерхан ағамен ілесе келген бір топ үйсіз мықтылар бар. Соның бірі үш бөлмелі пәтерге иелік еткен бастығым, 600 радиоқызметкердің әміршісі Әмірхан Меңдеке. Менімен сөйлескенде айғайға баспай, сыпайылықпен басу айтуы Әмірханға тән мәдениет пен имандылық.
Рас, басқалардай жоғары жаққа арызданбадым. Оларға ілесіп, топтар шағымына қол да қоймадым. Тек намысыма тиіп, Шер-аға сауал тастауыма себеп, мен секілді “жас маман” арнайы жолдамасымен менен бір жыл кейін келген әріптесімнің пәтерге ие болу еді. “Неге бұлай болды?”- деп лездемеде айтқаным сол. Әрине көкейде қыжыл бар. Төрағаның шашбауын көтеріп келгендердің дені мықтылар болғанымен, арасында барып кел мен шауып келге жүретін, шамалары портфель тасуға ғана жарайтындардың да пәтерлілер тізіміне өтіп, ордерді қалтаға басқаны.
Ол 70 пәтер де аспаннан топ етіп түсе қалмаған. 1985 жылдар шамасында Телерадио комитетінің Төрағасы Камал Смайылов қарауындағы қызметкерлердің баспана тапшылығы туралы Үкіметке жазған өтінішіне, сол кездегі Қазақ ССР Премьер-министрі Нұрсұлтан Назарбаев “қайыр қылсаң, бүтін қыл” деп, журналистерге арнайы 70 пәтерлі тұрғын үй салып беру туралы Үкімет Қаулысын шығарып бергенінің нәтижесі. Арада Совет Одағы ыдырады, жаңа Мемлекет құрдық. Уәде, кеш те болса орындалды.
Хош, сонымен Бас директорым Шер-ағаның тапсырмасын орындауға кірісті. “Мына қызметке барасың ба?”,- деп бір айда үш түрлі жалақысы көбірек қызмет ұсынған. “Әрине” деймін. Апта күтем. Бұйрық басқа адамға шығады. Тағы шақырады, тағы қызмет ұсынады. Тағы келісемін. Тағы басқа адам тағайындалады. Үшінші реттен соң, “Неге бұлай болды?”- деп ежелгі сұрағымды қайталағам. “Қызық екенсіз” деген Бас директорым Әмірхан Меңдеке. “Болмағанда, бір ағаңды тауып звондатсаңшы, бұлай болмайды”. Ақыры болмады. Қызмет те, пәтер де.
Көп ұзамай Жамбыл облысынан сайлауға түсіп, Шер-аға Мәжіліс депутатты атанды. Телевизияда көп орын босап, мен радиодан ТВ-ға кеттім. “Ағасы бардың, жағасы бар” дегенді түсіндім. Шер-ағаны неге тек жамбылдықтар меншіктеуі керек. Ұлтымыздың майталманы. Маған да “Аға” болсын деп түйдім. Қазақша жақсы сөйлей алмайтын, қазақша эфирге шығудан қашатын дөкейлерге: “Шерхан Мұртазаның тікелей тапсырмасы бойынша сізден сұхбат алуым керек”, деп соғатын болдым. Депутат Мұртазаның дүрілдеп, лауазымы жоғарыларды дірілдетіп тұрған кезі. Көнбегендерге арасында: “Шерхан ағама айтамын!” деп, қорқытып қоямын. Қазақшаға шорқақ шенділерді солай қазақша сөйлеуге көндіргем. Ойлаймын, Парламентте бір Шер-аға емес, бес Мұртаза “тілім, елім”деп арыстандай айбат шегіп отырса не болар еді?! Қазақшасы нашар қазақтар ғана емес, мемқызметтегі басқа ұлт өкілдерінің де депутат Мұртазаның “Жыланда ғана екі тіл болады» деген сөзінен кейін қазақ тілін үйренуге талаптанғандарына талай рет өзім де куә болдым.
Заманымыздың заңғар тұлғасы Қаратай Тұрысов туралы телефильм түсіргенде Шер-ағадан сұхбат алып, жақсы дидарластым. Қаратай ағамен мектепте бірге оқыған. Мәскеуге бірге барып, студент болған. Сол сәтте Шер-ағаға “Ағам деп атыңызды пайдаланып, талай шендіні эфирде қазақша сайраттым ”, деп бір күлдіргем.
-Қазақтың жаманына ұқсамаймыз. Ағам ғана емес, туған ағам десең де саған рұқсат,- деген.
Кейінен депутаттықтан кетіп, Астанада тұрып жатқанда ермек қып бильярд ойнайтын. Сонда бильярд клубындағы үлесімнің есебінен vip-картамды сыйладым. Шер-ағаның талғамына сай шәй құйылуын қадағаладым. Қолдан келгені сол болды.
-Ағайын мен Өкімет қадіріңді ұмытқанда, шашбауыңды көтерер жайсаң жігіттер кәні,-дейтін кейде қабағын түйіп, сәл ренжіңкіреп.
Расында да, отыз жасынан арнайы көлігі бар, қабылдау бөлмесі бар лауазымды қызметтерді атқарған Шер-ағаның қамқорлығы мен жақсылығын талайлар армансыз көрді…
Шер – ағаның Ұлтқа сіңірген еңбегі ерекше. Ақиқатында нағыз Арыстан Тұлға.