Павлодарда «Эко қала — 2018» веложарысы өтті
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен өзен сапаржайында «Павлодар – эко қала 2018» атты веложарыс өтті. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі мәлім етті. Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған ауқымды шара Елордамыздың 20 жылдығы мен өңірдегі Экология жылы шеңберінде өткізілді.
Веложарысқа Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, педагогтары мен ата-аналар, білім беру, спорт саласының мамандары, облыстық маслихаттың депутаттары, жалпы білім беру мектептері, ЖОО мен ұйымдарынан барлығы 350-ден аса адам қатысты.
Алғашқы құттықтау сөз кезегінде облыстық маслихаттың депутаты Бахыт Бексейітова, аймақтық оқу-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының директоры Рахметолла Қасқырбаев, ҚР спорт шебері, ардагерлер арысында жеңіл атлетика бойынша Әлем чемпионы Виктор Бондарь және Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Эко-веложарысқа қатысушылар жергілікті өзен сапаржайынан Естай атындағы қалалық мәдениет сарайына дейін жүріп өтті. Олар бір уақытта велосипедке отырып, 4 шақырым қашықтықты 15 минутта еңсерді. Мәреге жеткен спортшыларды жанкүйерлер құшақ жая қарсы алып, қолдау білдірді. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының алдында мерекелік концерт, «Ұлттық ойындар алаңдары» ұйымдастырылды.
— Бүгінгі ұйымдастырылып отырған веложарысқа мен де өз үлесімді қосайын деп келдім. Немерем Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сыныбында оқиды. Жасым 77-де болса да, велосипедті әлі күнге дейін теуіп келемін. Осындай іс-шаралар жиі болып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Жастарымызға керемет үлгі боларлық шара, өте тамаша. Ұйымдастырушыларға мың алғыс! Жас ұрпағымыз білімді де шымыр, саналы да салиқалы болып өсе берсін!, — деп батасын берді веложарысқа қатысушылардың ішіндегі ең жасы үлкені әрі ата-ана Тілектес Айгазинов.
Әлихан Рахметоллаұлы