Болат Бақауов облыс орталығындағы жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты
Павлодар облысының әкімі аула ішілік жолдарды асфальттау жұмысын тексеріп, келесі жылға аула ішін көріктендіру жоспарымен бөлісті. Өңір басшысы облыс орталығын аралап, жолдарын толық асфальттаған бірнеше аулаларға ат басын бұрды. Катаев көшесі, жиырмасыншы үй мекенжайында әкіммен жолыққан тұрғындар жөндеу жұмыстарын көп жыл күткендерін айтты.
— Біздің ауламыздыңжөнделгені үшін алғыс білдіреміз, — деді зейнеткер Нина Афанасьева. – Енді мұнда серуендеуге, орындықта отырып демалуға да болады. Көзге жылы ұшырайды. Барлық көршілеріміз ауланы осы күйінде ұстайды деген үміттемін.
Қазіргі кезде Павлодар қаласында 200-ге жуық аула іші жөнделді. Алдағы уақытта әр аулаға үй тұрғындарының гүлзар жасаулары үшін қара топырақ әкелуді жоспарлап отыр.
— Біз өз ауламызды өзгелерге үлгі болғанын қалаймыз, дегенмен барлығы бірдей жұмыс жасағысы келмейді, — деді Торайғыров көшесі, 44/1 мекенжайының тұрғындары. – Бір-екі күнде топырақ әкеледі. Ауламыз әдемі болып тұруы үшін не отырғызатынымызды ойластырудамыз. Сонымен қатар, бізде хоккей кортын орнатып жатыр. Сол үшін алғыс айтамыз. Бұған қоса, ауламызда балалардың ойын алаңы салынса деген тілек бар.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, келесі жылы көріктендіру бойынша жұмыстар жалғасады. Аулаларда балаларға арналған және спорттық алаңдар салынады. Оған қоса, Болат Бақауов аула ішіндегі жарықтандыруға аса мән беретінін атап өтті.
— Аулалардың ішінде көшеге қарағанда әлдеқайда жарық болуы тиіс, — деді өңір басшысы. – Қараңғы уақытта адамдар аулаға еркін шығатындай, тіпті керек болса дүкенге дейін жететіндей етуіміз қажет. Алайда, ең бастысы – көріктендіру аясында істеген жұмысымызды адамдардың аялап ұстауы тиіс.
Әлихан Рахметоллаұлы