Жамбыл облысында 119 кіші жоба іске асырылуда
Жамбыл облысында “Рухани жаңғыру” бағдарламасын іске асыру бойынша ағымдағы жылы 3 млрд 50 млн. теңгеге 119 кіші жоба мен 73 іс-шара іске асырылуда. Оның ішінде 350 млн. теңгесі жергілікті бюджет, 2,7 млрд. теңгесі меценаттар есебінен қаржыландыруда. Бұл туралы бүгінгі өткен брифингте облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысы Берік Уәлиұлы мәлімдеді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Берік Құрманғалидың айтуынша, облыста қоғамдық-саяси ахуалына әлеуметтік зерттеулер форматында тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша ІІІ тоқсанда сұралған респонденттердің 93,55%-ы елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың жай-күйін игілікті және жақсы деп белгілеген.
Басқарманың негізгі міндеттерінің бірі – түсіндіру және ақпараттық саясатты жүргізу. Бүгінде облыста 59 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. Оның ішінде 14-де мемлекеттің қатысу үлесі бар. Өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен іске асыруға 658,3 млн. теңге қаражат бөлінді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасымен облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдері кестеге сәйкес, ӨКҚ алаңында аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері брифингке қатысып, брифингтен кейін “JAMBYL” телеарнасының “1 студия” бағдарламасына тікелей эфирге шығуын тапсырған болатын. Облыстық ішкі саясат басқармасы бекітілген кестеге сәйкес брифинг пен тікелей эфирге мекемелердің бірінші басшысының қатысуын үйлестіріп келеді.
Сонымен қатар, басқарма қазан-қараша айларында “Жерлестер” Форумы, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының сарапшыларының қатысуымен семинар тренинг, Алаш әскерінің құрылғанына 100 жылдығына арналған “дөңгелек үстел” отырысы, желтоқсан айында ҚР-ның Тұңғыш Президент күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция мен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өткізуді жоспарлауда.
Айта кетейік, күні кеше ғана Астана қаласында өткен кеңесте Қоғамдық даму министрі Д.Калетаев басқарманың ұсынысы негізінде “Рухани жаңғыру” бойынша алғашқы республикалық көшпелі семинары Жамбыл облысыныда өткізілетін болады.