Шерағаңның шашылып түскен тіркестері
Рухы азған ел – тозған ел
«Егемен Қазақстанға» Шерағаң басшылық жасаған тұста атақты ойшыл, танымдық прозаның перісі Асқар Сүлейменовтің «Шашылып түскен тіркестері» жарияланып, қоғамның ой-санасында дүмпу туғызған еді. Содан бері осы тіркес сөз айналымына еніп, аракідік баспасөзде қолданылып келеді. Біз де сол үздік үрдістің үзігін үзіп алмау мақсатында оны жаңғырта отырып, Шерағаңның әр жылдардағы ой-толғаныс, көзқарастарының ықшамдалған түрін жинақтап, оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Саңлақтың семсер сөзін сағынған шығарсыздар.
***
Өзің өлме, өзгені де өлтірме. Міне, шын демократия. Міне, шын адамгершілік, имандылық! Ал, бұл қасиет, Құдайға шүкір, қазақта бар.
***
«Қырық жыл қырғын болса да қиыспайды туысқан» деген ғой. Нарық қанша нәһан болса да, ақылды басшы рухани дүниені аздырмас болар. Рухы азған ел – тозған ел. Ондай елді қарға-құзғын шоқып кетеді.
***
…Бізде байлық жоқ, оны, әсіресе, қазір көбірек сезініп жүрміз. Керек десе, әлі күнге дейін жеке саяжайымыз да жоқ. Өкіметтің босағасына таман бір саяжайымыз болушы еді, оны осы күнгі Іс басқарушы тартып алып, әлдекімдерге берді. Мейлі, астанада баспанасыз жүрген мыңдаған қазақтан жанымыз артық емес шығар, әйтеуір баспанасыз емеспіз ғой…
***
…Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.
***
Сол қобыздың шын аты – Руханият
…Көздері көріп отыр, үлкен-үлкен мінберлердегі кім орысша сөйлесе – сол лауазымды.
Көңілдері сезіп отыр: орысшаң келіспесе, басың алтын, артың күміс болса да дәреже, мәртебеге жете алмайсың. Ал тілі бар халық – халық, тілі жоқ – балық.
***
Академия көп, академиктер көп. Ғылым… шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтін сиыр сияқты.
***
Пифагор деген әулие:
«Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен.
Бізде не көп, заң көп. Бірақ соның қайсысы орындалып жатыр. Ал әдет-ғұрып, салт-сана, міне, замандар легінен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда, біз содан айырылдық қой.
***
Қазір жоғарыдан төменге дейін, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі.
Қайда барып оңамыз!
Жетім мен жесірдің ақысын жеме! – деді салтымыз.
Әсіресе, әлсіздерді, жетім мен жесірлерді жегіштер көбейді.
***
Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай Қорқыт ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді.
Сол қобыздың шын аты – Руханият.
***
Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан-түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады.
Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе, басың кетеді. Сөйтіп жүріп мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.
Ал Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз…
***
…Екейбай шын әдебиет, өнер адамдарын жанындай жақсы көрген, үлкен жанашыр еді. Сол себептен болар кейін-кейін Жазушылар одағының «Литфонд» деген тармағын басқарды. Бірақ кейбір қиянатшылар оның қадірін білмей обал жасады.
***
Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді.
Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді.
Адамдардың жанын ыстанған кірден тазалап жүрген Ұлы Ұста – Нұрғиса – таң алдында жұлдыздармен бірге сөнді.
Енді біз Нұрғисаны ылғи да аспанда Таңшолпанның жанынан көретін боламыз.
Талант пен дарын
тана сүтінен емес,
Ана сүтінен дариды
Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді.
***
Қалтай айтады:
– Өркениетті елдерде адамның басы менен ісіне қарайды. Біздің елде адамның шашы менен тісіне қарайды – дейді. – Шашың ағарып кетіпті, тісің түсіп қалыпты, айда, кет, дейді. Ал, басы, ақылы, ісі қандай – бағаламайды.
Осы сотанаққа соққы бергендей, Қалтай қазір газет басқарып отыр. Онысы орынды…
***
Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүниеқоңызбен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.
Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.
Талант пен дарын тана сүтінен емес, Ана сүтімен дариды.
***
Құдай берген ғой. Қазақстанға байлықты аямай-ақ. Бірақ алуын айт. Бұйыруын айт.
***
Бас редактор – қоғамның бас дәрігері
…Бәрінен де қорлығы: сол кездегі жүйе оның ғаламат талантын (Өзбекәлі Жәнібековті айтып отыр – ред.) облисполкомның жай орынбасарлығына ғана пайдаланды-ау. Соның өзінде ол Мәдениет министрлігі істей алмаған тамаша табыстарға жетті.
***
…Бірақ Қыдыр да талғампаз. Әкімі әкіреңбай болса, Қыдыр ол жерден безіп кетеді.
***
Майда-шүйде ұры-қарылардан қазір түрме қабырғалары қайысады. Ал ірілері ұстатпайды. Ұстауға дәрмен жетпейді. Міне, Тәуелсіздікке ең қауіпті қасірет осы. Газет, сірә, қоғамдағы осы кеселмен күрес дәстүрін тоқтатпас.
***
От пен судан өттім. Шыңдалдым. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді.
Бас редактор – қоғамның бас дәрігері. Қоғам денесіне әр түрлі жара қаптаған. Оның ішінде қатерлі ісік те бар. Сол ісіктің қоясын шығарып, сылып тастауға жараса – сол Бас редактор.
***
Адам дәрігері адамның кеселін емдейді. Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні…
Ал ақын, егер ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді.
***
Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал баяғы Мөңке бидің айтқанының бәрі келіп тұр.
Ала-шұбар тілден арыла алмадық. Дүдәмалдау дін деген қаптап кетті…
***
Бүкіл қазаққа тән атақты адамдардың тойлары тек сол адамның туған жерінде ғана тойланатын әдет пайда болды…
***
«Рушылдық етек алған жерде ұлттық қатынасқа орын жоқ», — дейді А.Айталы. Бұл пікірге мен қос қолымды көтеріп қосыламын.
…Бұқаралық ақпарат құралдары соғыс құралдарынан да күшті
Ұрылар ұрған сайын семіреді. Жоғары лауазымды ұрылардың талайы шет елге қашып кетті. Біреуі ұсталған жоқ. Ең соңғысы Кутовой деген мәдениеттің ақшасын жеп ол кетті. Сорақысы сол, заң қызметкерлері оның қылмысын біле тұра, көз жұмды. Бытыралы мылтықпен тек торғайларды, қырғауылды, кекілікті, үйректі ғана ата аласың. Аюларға, қасқырларға бытыра батпайды.
***
Біздің ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсінбейтіндер, өзбектерше айтқанда, «қара ивандар» өз ішімізде жүрген отаршылдар. Тап-таза, саф сана уағыздаушылар емес, ұлттық сананы улаушылар.
***
Жалпы, журналист еңбегі – ең қиын денсаулыққа зиянды жұмыстар қатарына жатады. Сөйтсе де, қазан құлағын ұстап отырған шөмішшілер бұл еңбекті дұрыс бағалаған емес. Әрдайым шөміштен қысады.
…Бұқаралық ақпарат құралдары соғыс құралдарынан да күшті.
Мәселе сол БАҚ кімнің қолында тұр, әділеттің бе, әлде әзәзілдің бе? Кейбір телеканалдар, газеттер адамдарды жақсылық жағалауына қарай емес, лас құрдымға қарай итермелейді.
Жиған-терген Қ.ҚАҒАН.