Көрікті өлкеде – көркем мешіт бой көтерді
Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының «Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту қорының» ұйытқы болуымен Бурабай кентінде жаңа мешіт бой көтеріп, мұсылман жамағатқа есігін айқара ашты.
Мешіттің жалпы аумағы 1659 шаршы метр. 150 намазханға арналған мешіт үш қабат. соның ішінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі, кітапхана, имамның кабинеті, 140 орындық қатымхана (ас беретін зал) бар Айрықша абаттандырылған алаңда көлік тұрағы, жаяу жүргінші жолдары бар және гүлзарлармен әсем көмкерілген. Мешіттің ішкі сыртқы келбеті ерекше көркем. Себебі, құрылыс сәулеті сирек кездесетін Променад, Конгресс-холл стилінде салынған. Мешіттің ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин , Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Оразұлы қатысып Бурабайлықтарды құттықтап сөз сөйледі.
Алғашқы болып сөз алған Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин: — Бүгін міне, ауданның мерейтойы қарсаңында жаңа мешіт пайдалануға беріліп отыр. Қазақстан көпконфессиялы мемлекет. Осыған сай дін мәселесіне көп көңіл бөледі. Біз үшін барлық ұлттар арасындағы түсіністік, бейбітшілік пен келісім мемлекет саясатының басты стратегиясы. Мешіттің әсем келбеті, ерекше сәулеті көз тартады. Мешіт Бурабай кентінің халқына тамаша тарту болды. Жаңа мешіт ел игілігі үшін қызмет етіп, жас ұрпақты, халықты имандылыққа тәрбиелейтін қасиетті орын болатынына сенімім зор. — деді .
Әкімнен соң сөз алған Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз:- Біз мұсылман дінін ұстанған ата бабалардың ізін жалғастырушы ретінде әсем мешіттер салып, Аллаға құлшылық жасауда еркін ел болдық. Мешіт салған аса сауапты іс. Мешіт салушы Алланың ризығына бөленіп, жұмақтан орын алады.
Бүгін Бурабайдың мерейтойына орай, еліміздің көрікті өлкесіне сәулеті жарасқан мешіт есігін ашып, рухани жаңғырудың тамаша үлгісі болығанына куә болып тұрмыз. Алланың үйі келешек ұрпақтың елін, жерін, Отанын сүйетін, иманды салауатты азамат тәрбиелеуге себепкер болсын деп, жүрек жарды лебізін білдірді.
Ашылу салтанатынан соң, жиналған жамағат әсем мешітті араладып көрді. Жамағат алдына құран бағышталып, дұға тілек айтып бата жасалды. Мешіттің ашылуы жұма күніне тарығандықтан, бас мүфти Серікбай қажы Ораз уағыз айтып, жұма намазын өткізді. Осылай курорты аймақ Бурабайдың әсем өлкесі, қасиетіне көркі келіскен Алла үйімен толығып, мұсылман жамағатты өзіне тартып,мен мұндалап тұратын болды.
Дахан Шөкшир