Атырауда жедел-жәрдем қызметінің жаңа бекеті ашылды

Жаңа медициналық нысанның ашылу салтанаты қала күніне орай өтті.
Нұрсая ықшам ауданында жедел-жәрдем қызметінің жаңа нысаны ашылды. Салтанатты шара әр жылдың алғашқы сенбісінде тойланатын қала күніне орай өткізілді. Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов, сонымен қатар Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева қатысты.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, жаңа нысан жақын маңдағы үйлер мен ықшам аудандардан 75 мың тұрғынды қабылдай алады. Шақыртуларға 8 жедел-жәрдем бригадасы шығады. Жаңа жедел-жәрдем бекетінің штат құрамы 50 адамнан тұрады, 32-і фельдшерлер, 18-і диспетчерлер, жүргізушілер мен орта буындағы медицина қызметкерлері. Жаңа нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған, барлық реанимобильдерде GPS-навигаторлар орнатылған. Сондай-ақ, бұл жерде алғашқы көмек көрсетуден практикалық тренингтер өтетін оқу-жаттығу бөлмесі бар.


— Жақын арада Нұрсая ықшам ауданында мемлекеттік-жекешелік әрістестік аясында 12 мың тұрғынға қызмет көрсете алатын жаңа емхана салынады. Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен жуық арада Атырауда тағы бір бекет, сонымен қатар 3 қосалқы жедел-жәрдем бекеттері ашылады,- дейді Мәншүк Аймурзиева.
Айта кетейік, 1-7 қазан аралығында Атырауда қала күніне орай бірқатар мәдени және спорттық шаралар өткізу жоспарланған.

Атырау қалалық әкімінің баспасөз қызметі.