Алматыдан велосипедпен шыққан спортшы Павлодарға келіп жетті


50 жастағы әуесқой велосипедші Асқар Сұлтанғазин Алматыдан 1618 километр жол жүріп өтіп, Павлодарға келіп жетті. Спортшының сөзіне қарағанда, бұл велотурдың мақсаты жастар арасында велоспорт пен жалпы салауатты өмір салтын насихаттау.

— Бұл сапарымды туған еліме, жастарға арнаймын, — дейді Асқар Сұлтанғазин. – Жастар да осы ғажап спорт түрімен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанса деймін. Мен өмір бойы спортпен айналысып келемін. Осыған дейін күреспен айналыстым. Спорт адамның денсаулығын нығайтып, тәртіпке үйретеді.

Асқар Сұлтанғазин үшін бұл алғашқы велотур емес. Бұл іспен ол төрт жыл бұрын айналыса бастаған. Қазақстанның түкпір-түкпірлерін аралап шыққан. Осы аралықта ол он мың километрден астам жол жүріп өткен. Алайда, осы спорт түрінен арнайы жарыстарға қатыспаған.

— Маған бірнеше рет ұсынса да, тасжолдағы велоспорт жарыстарында қатысқаным жоқ, — дейді Асқар Сұлтанғазин. — Өйткені, мен таза мағынада «шосселік» велоспортшы емеспін. Мен өз турларымда тас жолмен де, тау-таспен де жүре беремін. Менікі таулы-спортты велосипед. Оның үстіне мен жалғыз жүремін.

Спортшы Алматыдан 11 қыркүйекте шығып, сағатына 20-25 километр орташа жылдамдықпен күніне 50 километр жол жүрген. Асқар Сұлтанғазин Аққулы ауданының Мерғалым ауылында дүниеге келген. Негізгі ісі — халық емшілігі. Оның сөзінше, туған өңірге келуі оған рухани күш берген. Спортшы таяуда өз велосипедімен Меккеге жол жүруді ойластыруда.

— Негізгі кәсібім емшілік, — дейді Асқар Сұлтанғазин. – Орта Азия, Қытай, араб елдерінде тәлім алып, адамдарды инфаркт, инсульт, қан қысымы секілді ауыр науқастардан емдеуге көмектесемін. Сауықтыру кезінде хиджама, яғни қан алу, бал араларының көмегін қолданамын. Бал араларының шаққаны науқас адамға психологиялық және физикалық әсер береді.

Әлихан Рахметоллаұлы