Павлодар облысының әкімі ардагерлерді Қарттар күнімен құттықтады

Ақсақалдармен жүздескен аймақ басшысы Болат Бақауов ардагерлер ұйымына сырнай мен компьютер сыйлады. Мерекелік басқосуға облыстағы ең белсенді ардагерлер жиналды.

Аға буын өкілдерін құттықтаған облыс әкімі жұмыс барысында үнемі ақсақалдардың ақыл-кеңесіне жүгінетінін атап өтті.

— Жас келгеніне қарамастан, әрдайым белсенді өмір салтын ұстанған әрі жүрегі жайсаң жандар болып қала бересіздер, — деді әкім. – Сіздер қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде ұйытқы боласыздар. Сол арқылды жастарды тәрбиелеуге, зейнеткерлердің өмірін жақсартуға сүбелі үлес қосып келесіздер.

Аға буын өкілдерінің бей-жай қарамайтындығы қоғамның  дұрыс бағытқа бет бұруына мүмкіндік береді. Ардагерлер ұйымына сыйлық табыс еткен Болат Бақауов зейнеткерлерге ыңғайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

— Сауықтыру және демалыс бойынша қызмет түрі «Ардагерлер үйінде» ғана емес, «Зеленая роща» және «Черноярская жемчужина» базасында жүзеге асырылады. Қазіргі таңда қарттар күні Даналар күні деп аталуда, — деді Павлодар қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шакен Намазбаев. – Бүгінде басшылар бірнеше жыл бұрын республиканы, облысты салуға еңбек еткен азаматтардың пікірін бекерге сұрамайды. Ардагерлер қоғамдық кеңестерге қатысқан. Соның арқасында өңірдің дамуына атсалысуға мүмкіндіктері бар.

Бүгінгі күні Павлодар облысында 116 мыңнан астам егде жастағы адам тұрады.

Әлихан Рахметоллаұлы