Павлодарлық оқушылар бір мезетте 16 елге саяхат жасады
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Landmarks and great achievements of the countries» — «Түрлі елдердің ғажайып дәстүрлері мен жетістіктері» атты әртүрлі елге саяхат ұйымдастырылды. Бұл туралы білім беру мекемесінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Шара барысында Қазақстан, Мысыр, Грекия, Өзбекстан, Англия, Корея, Грузия, Франция, Италия, Қытай, Жапония, Түркия, Ресей, Үндістан, Испания және Германия елдерінің мәдениеті мен өнері, тұрмыс-тіршілігі, сол елге тән салт-дәстүрлері мен атақты адамдары туралы мағлұмат берілді.
Оған мектептегі барлық 650 оқушы қатысты. Олар көрмеге ата-аналары және ұстаздарының көмегімен әр елге тиесілі киімдер мен естелік сыйлықтар алып келді.
Тілдер онкүндігі аясында ұйымдастырылған іс-шараның шымылдығын түрлі ұлттың өкілдері бір шаңырақ астында «Достық» биімен ашты. Кейін әрбір шаңырақ қазылар алқасын бір елдің мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстырды. Оқушылар әр елдің ұлттық киімдерін киіп, өз өнерлерін паш етті.
— Біздің шаңыраққа Грузия елі тиесілі болды. Сондықтан біз олардың әйгілі «Лезгинка» биін билеп, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсететін заттарды көрсеттік. Бүгінгі іс-шара барлығының көңілінен шықты. Әрбір шаңырақтың өнерін көргенде олардың дайындық деңгейіне тәнті болдық. Құдды сол елдің өзінде болып келгендей күй кештік және әртүрлі елдің тыныс-тіршілігінен мол мәлімет алдық, — дейді «Ақ сұңқар» шаңырағының өкілі, 7 «С» сынып оқушысы Дінмұхамед Ахметжанов.
Әлихан Рахметоллаұлы