Тоғыз айдағы  тындырымды тірлік

 

    «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали баспасөз мәслихатын өткізіп, соңғы тоғыз айда атқарылған жұмыстарды баян етті. Сондай-ақ, алда тұрған межелі міндеттерді айқындап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Қоғамдық-саяси ахуал басты назарда

 

     Жалпы Берік Уәлиұлының сөзіне сүйенсек, қазір облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты екен. Оған дәлел, әлеуметтік зерттеу үлгісінде жүргізілген сауалнаманың қорытындысында респонденттердің 93,55 пайызы қоғамдық-саяси жағдайға көңілдері толатындықтарын айтқан.

  — Облыстың бүгінгі дамуына бірінші кезекте саяси тұрақтылық үлкен әсер ететіні ақиқат. Өйткені Елбасы  ұсынып отырған мемлекеттік идеология – мемлекеттің тұтастығын сақтау мен көпұлтты Қазақстан халқының бірлігімен айшықталуда.

Ең бастысы, облыста азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара сенім байланысы орныққан. Өңірде 80-нен астам этнос өкілдері тұрып жатса, солардың арасында  ұлтаралық қатынасты дамытуға үлкен мән берілуде.

Сонымен бірге, өңірдегі тұрақтылықтың сақталуына экономикалық өсім, төзімділік пен келісімнің жоғары деңгейі, билік органдарының әлеуметтік экономикалық және қоғамдық-саяси сипаттағы мәселелерге  жедел әрекет етуі ықпал етуде.

Бүгінде халық пен билік өкілдерінің байланысын нығайтып, барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жамбыл облыстық жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен «J-RECEPTION» интернет қабылдау сайты жұмыс істеуде. Яғни, «Интернет-қабылдау» сайтында азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелерді  тіркеу және қарау бойынша «интернет-қабылдау» сайтының модулі әзірленіп, азаматтардың билік органдарымен кері байланысы ұйымдастырылды.

Ал, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» жобасы аясында облыстық, Тараз қалалық, аудандық  Қоғамдық кеңестері жұмыстарының ашықтығын көрсету мақсатында «Q-KENES.KZ»  сайты жұмысын бастады.

Келесі жылы да осы сайттарды өзектендіру және ілгерлету бойынша жұмыстар жалғасатын болады, — деді Берік Уәлиұлы.

 

Тұлғалармен тілдесу, жақсылармен жүздесу

 

Бұдан кейін басқарма басшысы биылғы жылдың негізгі қоғамдық-саяси тақырыбы Елордамыз-Астана қаласының 20 жылдығына арналғанын тілге тиек етіп, өзге де мәдени шараларға тоқталды.

— Жыл ішінде бірқатар қоғамдық-мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, 29 маусымда «Астана – аймақтар арқауы» атты  облыстық форумы өтті. Бұдан бөлек, Елбасының Жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісі  «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленіп, Жамбыл Жабаев ескерткіштерінің алдында 300-ден астам домбырашылар ұлттық күйлерді орындады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында басқарманың ұйытқы болуымен халықты рухани тұрғыда байыту мақсатында республикалық деңгейдегі танымал азаматтар мен зиялы қауым өкілдері  облысқа  шақырылып, кездесулер мен ауқымды шаралар өткізілді. Атап айтсақ, 29 тамызда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен  археолог Айман Досымбаеваның  қатысуымен «Тараз – тарих айнасы» ғылыми практикалық конференция ұйымдастырылса,  7 қыркүйекте ҚР Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және Одақ мүшелері  жамбылдық жұртшылықпен  жүздесті. Сондай-ақ,  М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде партизан жазушы, Халық қаһарманы Қ.Қайсеновтың 100 жылдығына арналған әдеби кеш те қыркүйек айындағы шаралар қатарын толықтырды. Ал өткен айдың аяғында  Кеңес одағының батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова  облысқа арнайы сапармен келіп, Ата аманатын арқалаған ана ұрпаққа рухани азық болар тағылымды ойларымен бөлісті. Осы сынды айтыскер, ақын Әзімбек Жанқұлиевтың өмірден өткеніне 15 жыл толуына орай өткен әдеби еске алу кеші де игі бастамалырымыздың бірі болды.  Ал  «Мерейлі отбасы — 2018» республикалық байқауында жерлестеріміз  Ниязқұловтар отбасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алуы жамбылдықтарды  үлкен қуанышқа бөледі, — деді Б.Құрманғали.

 

Ең бастысы ақпараттың ашықтығы

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша биыл  3 миллиард  50 миллион теңгеге 119 кіші жоба мен 73 іс-шара өткізу жоспарланса, оның  350 миллион  теңгесі жергілікті бюджеттен, ал  2,7 миллиард  теңгесі меценаттар есебінен қаржыландырылған. Басқарма басшысы осы қаралған қаржы мен демеушілер есебінен де талай дүние бітіп жатқанын баяндай келе, мекеменің негізгі жұмыстарының бірі – түсіндіру және ақпаттық саясатты жүргізу екеніне тоқталды.

Бүгінде облыста 59 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. Биыл  жаңадан 4 БАҚ тіркелді. Оның ішінде біреуі  журнал болса, үшеуі   ақпараттық агенттік. Осы негізде қазір өңірде 40 бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ақпараттық саясатты   жүзеге асыруда. Сонымен бірге, ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік желілердегі жұмыстарды жүйелендіру үшін облыс әкімінің  өкімімен басқармалар, Тараз қаласы жəне аудан әкімдіктерінің интернет желісіндегі ақпараттық жұмыстарын жандандыру Ішкі саясат басқармасына жүктелді.

         Осыған байланысты басқарманың бастамасымен барлық аудандар мен Тараз қаласында «Ақпарат кеңістігінде жұмыс істеудің жүйесі» атты көшпелі оқу-семинары өткізілді. Нәтижесінде 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдігінің фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары ашылды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады.

         Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің  «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелерде баспасөзге жауапты мамандар бөлінді. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары басқарма тарапынан  жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 17 тамызда Меркі ауданы, «Тұран»  демалыс аймағында облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің 70-ке жуық баспасөз хатшылары, журналистер мен  блогерлерлерге арналған «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылса,  24 тамызда «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты тағы бір үлкен семинар-тренинг өтті. Аталған шарада «Нұр сұңқар» байқауының «ең үздік блогер»  аталымының жеңімпазы Өркен Кенжебек пен  саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлы дәріс оқыды, -деген Берік Уәлиұлы бұдан әрі жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету жағын сөз етті.

         — Облыс әкімі Асқар Исабекұлы  облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдері кестеге сәйкес «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері брифинг өткізіп, баспасөз мәслихатынан кейін  «JAMBYL» телеарнасының «1 студия» бағдарламасына тікелей эфирге шығуды  тапсырған болатын. Облыстық ішкі саясат басқармасы бекітілген кестеге сәйкес брифинг пен тікелей эфирге мекемелердің бірінші басшысының қатысуына үйлестіріп келеді. Бұл мемлекеттік мекеме қызметтерінің транспаренттілік  деңгейін арттырып, халықтың әкімдіктер мен басқармалардың атқарылып жатқан жұмысынан хабардар болуына  септігін тигізуде.

         Жалпы, жыл басынан бүгінгі күнге дейін БАҚ өкілдерімен 118 баспасөз-конференциясы ұйымдастырылса, оның  45-і жоспарға сай, 48-і жоспардан тыс өтті.  

         Осы орайда айта кетерлігі, биыл басқарма үкіметтік емес ұйымдармен берік байланысты орнатып,  қарым-қатынасты күшейтті. Бұл бағыттағы  жаңалықтардың бірі – облысымызда алғашқы рет Үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Азаматтық орталық» ашылды. Аталған жобаға облыстық бюджеттен 8,9 млн теңге қарастырылған. Аталмыш  орталықта үкіметтік емес ұйымдар үшін ақпараттық-әдістемелік, консультативтік, құжаттамалық және азаматтық бастамаларды қолдау  бойынша қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, мемлекет пен азаматтық қоғамның ашық алаңына айналған Азаматтық форум 8-ші рет өтеді, — деді Б.Уәлиұлы.

 

Жамбылда «Жерлестер» форумы өтеді

 

Өз баяндамасын басқарма басшысы алда тұрған  жоспарлы жұмыстармен қорытындылады.

 — Құрметті брифингке қатысушылар! Бүгін сіздерге басқармасының негізгі жұмысымен  таныстырдым. Алдағы уақытта, қазан-қараша айларында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы дала Рухы» фестивалі, «Латын әліпбиі – бүгінгі күннің өзекті мәселелері» тақырыбында конференция, «Жерлестер» форумы, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының сарапшыларының қатысуымен семинар тренинг, Алаш Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналған «дөңгелек үстел» отырысы,  желтоқсан айында ҚР  Тұңғыш Президент күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция мен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өткізу жоспарымызда тұр.

        Өңірді өркендетіп, Әулиеатаның әлеуетін арттыруда бірлескен  жұмысымызға сәттілік тілеймін!, — деп сөзін түйіндеді  Берік Уәлиұлы.

Бұдан кейін басқарма басшысы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Олардың дені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында меценаттардың туған өлкесіне деген демеушілігі, аудан әкімдіктеріндегі сайттардың жұмысы, баспасөзге жазылу науқанына қатысты болса, Берік Құрманғалиды облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшылық қызметіне келгеніне 100 күн толуына орай арнайы ізгі  тілектерін жеткізгендер де болды.

 

Саятхан Сатылғанов