Баянауылдағы арқанжол осы қыста пайдалануға беріледі

 

Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауының тау шаңғы базасы биыл туристерді қабылдайтын болады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында мердігер «Азия Пром Инжиниринг» ЖШС-нің өкілі Славенко Бадура айтты.

— Қазіргі кезде жұмыс толық аяқталды десек болады, — деді Славенко Бадура. – Қозғалтқыш тексеріліп, орындықтар ілінді. Арқанжол салынып жатқан тау шоқылары өте ыңғайлы. Екі төбелі, биіктігі 220 метр тауға қатарынан үш арқанжол салуға болады. Тау-шаңғы жолының қиындық деңгейі экстремалды емес, туристер мен әуесқойлар үшін қолайлы. Бұл болашағы бар жоба. Туристердің қызығушылығын тудыратындығына сенімдімін. Баянауыл ауданында туризм саласының дамуына септігін тигізеді.

Мердігер компания өкілінің айтуынша, тау шаңғы базасы күніне 5 мың адамды қабылдай алады. Ұзындығы 960 метр арқанжол сағатына 600 адамды тасымалдайды. Сонымен қатар, Славенко Бадура арқанжолдың құрылысында жергілікті ауылдың адамдары да жұмыс жасағанын және әрі қарай да базада қызмет етуге тәжірибелері бар екенін атап өтті.

— McKinsey компаниясының өкілдері жобамен танысып, жоғары баға берді. Біздің ендігі мақсат – алғашқы қар түскен сәттен бастап шаңғы жолына керекті жабдықтарды сатып алу, — деді облыс әкімі Болат Бақауов.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы