Сын мен шын «Zhas Project»-тен жастар неге бас тартып жатыр?
Жамбыл облысында жастар саясатын тиімді іске асырудың 2018-2019 жылдарға арналған жол картасының екінші бағыты жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда, биыл «Zhas Project» жастар жобасы өңірімізге жетіп, алты облыстың бірі ретінде шапағатын біз де көрген едік. Тіпті, белсенді жастарымыз 555 жоба ұсынып, оның 222-і жеңімпаз ретінде танылған. Осылайша аймаққа «435 миллион теңге инвестиция әкелдік» деп, «бөркімізді аспанға атқанбыз». Алайда, жобаның алғашқы қаржысы бөлінбей жатып, жастарымыз «Zhas Project»-тен бас тартуда. Бұған не себеп? Елдің ертеңі саналатын жастар неден қорқып отыр? Қолда тұрған қаржыдан неге қашуда? Міне, осы мәселенің түбіне майшаммен үңіліп, анық-қанығына көз жүгіртіп көрген едік.
«Zhas Project» жобасының өңірдегі үйлестірушісі Мамыр Асатулаевтың айтуынша, бұған бірнеше факторлар түрткі болып отыр екен.
-Жалпы, облыс жастары жеңіп алған 222 жобаның 11-і «Zhas Project»-ке одан әрі қатысудан бас тартты. Оған себеп, қатысушылардың бір бөлігі басқа қалаларға оқуға кетіп қалса, енді екіншілері Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынған. Одан бөлек, отбасылық жағдайларын да алға тартып, алғашқы қаржыны алғысы келмегендер бар. Қыркүйек айында жүргізген зерделеуіміздің барысында біз осы факторларға көз жеткіздік. Бірқатар қатысушыларға бұл мемлекеттің беріп отырған үлкен мүмкіндігі екенін айтып түсіндіргенімізбен, олардың ойлары мен шешімдерін өзгерте алмадық. Осы орайда, айта кетер тағы бір жайт – негізі жобаға үш адамнан кем емес топтан құралған адамдар қатысуға құқылы болса, «Zhas Project»-тен бас тартқандардың денінде осы топ мүшелері толық болмай қалуда. Яғни, топтың бір мүшесі әртүрлі себептермен жобадан шығып кетсе, қалғандары да қаржыға қол жеткізе алмай отыр. Себебі, белгіленген талап бойынша топ құрамнан бөлінген қатысушының орнын ешкім алмастыра алмайтындықтан, аталмыш жоба автоматты түрде тоқтатылуда.
Әрине, бұл өте қолайсыз жағдай. Десе де, «Zhas Project»-тен шығып қалған 11 жобаға қаралған қаржы келер жылдың есебіне қалатын болады. Сондықтан өзге азаматтардың келер жылы жобаға қатысып, жеңімпаз атануына мүмкіндіктері бар, — дейді М.Асатулаев.
Иә, шын мәнінде іш қынжылтатын нәрсе. Біреулер мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай жүргенде, біздің жастар бөлініп тұрған қаржыдан бас тартып жатқаны жанға батады. Осы орайда, мұндай кежегесі кейін тартқан тірліктен облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы хабардар ма, әлде жоқ па, соны білген едік.
-Басқарма бұл мәселені қазір жіті бақылауына алып отыр. Және жақында аудандарға арнайы шығып, әрбір жоба жеңімпазымен жеке-жеке сөйлеспекпіз.
Негізі облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңесте «Zhas Project» жобасының жеңімпаздарына барынша қолдау көрсету тікелей қала және аудан әкімдеріне тапсырылған болатын. Сондықтан бұл мәселені жергілікті билік өкілдерімен бірлесе реттейтін боламыз. Сондай-ақ, жобадан бас тартқандармен ғана емес, алғашқы қаржысына қол жеткізіп, өз тірлігін бастаған жастардың да жұмыс барысын сүзгіден өткіземіз. Себебі, біз олардың кәсіптерінің өміршеңдігіне көз жеткізуіміз керек.
Жалпы, жобаның негізгі шарттарының бірі – кемі үш адамнан құралған топтың құрамында осал топтағы бір азамат болуы қажет болған. Міне, осы осал топтағы азаматтың орнына көбісі студент жастарды тіркеген. Бұл жоба талабына қайшы келмейді. Алайда, сол студент жаңа оқу жылы басталғанда басқа қаладағы білім ордасына кетіп қалуда. Осыдан барып топ құрамы ыдырап, жастар жобадан бас тартып жатыр. Әрине, әлі оқу орнының қабырғасында жүрген жастар болғандықтан, оларға бәрін бірдей түсіндіру қиын. Оған қоса, нарық заңдылығына сай әрбір кәсіпорын аяғына тік тұрып кетеді деп сене алмайсың. Десе де, біз өңірден жеңімпаз ретінде танылған 222 жобаның ең болмаса 100-і өз жұмысын жүйелеп, тірлігін тіктей алса үлкен жетістік болады деп үміттеніп отырмыз, — дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.
Иә, басқарма басшысының сөзінің де жаны бар. Себебі, шағын кәсіпорындар емес, алып өндіріс орындарының өзінің бүгінгі нарыққа төтеп беруі күн санап қиындай түсуде. Десе де, мемлекет «Zhas Project» жобасын жастардың босқа уақыт өткізуге немесе ермек үшін шығармағаны анық. Сондықтан әрбір жобаға қырағы қадаға мен жанашырлықпен қараған жөн. Тағы бір қызықты жайт, жоба жеңімпаздарының арасында ұсынған кәсібінен мүлде хабарсыз азаматтардың барын құлағымыз шалуда. Мәселен, шаштараз бизнесін ашуға ниет білдірген топ мүшелерінің бірде-біреуі шаш ала алмайды екен. Сондықтан олар шаш алуға қосамша адам жалдауда. Әрине, ол шаштаразшыны тегін емес, теңгесіне шақырады. Ал, жоба жеңімпаздары алты ай халыққа тегін қызмет көрсетуі керек екенін ескерсек, ол еңбеккердің айлығын жастар қалай төлемек? Ай сайын берілетін азын-аулық шәкіртақыдан ба? Әй, қайдам…
Шындыққа тіке қарайтын болсақ, ертең ол кәсіпорын пайда әкелмейтін болса, топ мүшелері тарыдай шашырап кететіні анық. Оған қоса, бір мекемеге кемі үш адам бірдей басшы болғысы келсе, «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келуі әбден ықтимал. Сондықтан қала мен аудандардан құрылған жұмыс тобының жастарға жобаны түсіндіру кезінде ақсағаны тағы анық көрініп қалды. Ал, шыбықтың бастапқыда қисық өссе, оның ертеңі не боларын әркімнің іші біледі. Сол себепті, қалған 209 жоба бойынша мәселені бір-бірімізге сілтемей, облыс болып бақылауымызға алу керек сияқты. Әйтпесе, «біз жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп жатырмыз» деп сүйіншілегеніміз бекер болып қалмақ.
Cаятхан Сатылғанов