Павлодарлықтар Елбасының жолдауын тікелей эфирде тыңдады  


Павлодарлықтар «Достық» үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын тыңдады. Елбасының жыл сайынғы Жолдауын тікелей эфирде тыңдауға Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық қайраткерлер, журналистер, медицина саласының қызметкерлері, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер мен қарттар жиналды.

Foto Valeriy BUGAYEV

Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде жаһандық және жергілікті мәселелер тоғыса түскенімен, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі мемлекеттің басты міндеті екендігін қадап айтты. Көпшілік Елбасының 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру жөніндегі Үкіметке берген тапсырмасын ду қол шапалақпен қарсы алды.

Тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау қолға алынбақ. Президент коммуналдық қызмет саласындағы тарифтердің өсуі мәселесін қозғап, олардың жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлар шығаруды, жалпы өңдеу секторына зор назар аударылатын болады. Нұрсұлтан Назарбаев осы мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

— Жолдаудың басты тақырыбы ел тұрғындарының әл-ауқатын одан әрі көтеру болды, — деді тікелей көрсетілім аяқталысымен облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев. – Осы құжат кез келген қазақстандықтардың қажеттіліктерінен туындаған. Жолдаудың басты нысанасы — адам, Қазақстан азаматы болып табылады.

Облыстық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арыновтың пікірінше, елдің әрі қарай дамуы үшін мемлекеттің барлық механизмдері жұмыс істеуі қажет.

— Бүгінгі Жолдауда Президент бізді күтіп тұрған көптеген оң өзгерістермен таныстырды, — дейді Ербол Арынов. – Президент өндіріспен айналысатын экономиканың нақты секторын қолдауды міндеттеді. Халық тұтынатын тауарларды шығару мәселесі көтерілді. Көптеген тауарларды шетелден сатып алатынымыз баршаға аян. Оған сапаның төмендігі, айналым қаражатының аздығы себеп болады. Сондықтан Жолдаудан кейін кәсіпкерлік саласына бөлінетін қаражат экономиканың нақты секторына беріліп, нақты нәтиже беруі керек деп есептеймін.

Әлихан Рахметоллаұлы