Павлодарда туған өлке тарихына арналған зияткерлік конкурс өтті 

Туған елдің тарихына аса қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін дамытуға, өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм мен азаматтық сезімді қалыптастыру мақсатында өткізілген конкурстың облыстық кезеңіне барлығы 26 оқушы қатысты. Олардың он жетісі мемлекеттік тілде, тоғызы орыс тілінде білім таластырды.

«Менің кіші Отаным» жас тарихшылар І республикалық интеллектуалдық конкурсының облыстық кезеңі дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінде өткізілді.

Облыстық кезең қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломмен – облыс орталығындағы №25 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Социалова Гүлдана; ІІ дәрежелі дипломмен – дарынды қыз балаларға арналған “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицей-интернатының оқушысы Рашитова Алия және Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы Сансызбай Сәния; ІІІ дәрежелі дипломмен – дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының оқушысы Алишева Диана марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс атынан республикалық кезеңге қатысады. Конкурстың қорытынды кезеңі екі тур бойынша өткізіледі: І тур – Қазақстан тарихы бойынша тест тапсыру; ІІ тур – 4 номинация бойынша: «Менің кішкентай Отанымның тарихы», «Кішкентай Отанымның символы», «Менің кішкентай Отанымның болашағы»,«Менің туған өлкем» жоба қорғау.

Әлихан Рахметоллаұлы