Оразада жиі қойылатын сұрақтар жауабы (16 сұрақ)

Ислам дінінде оразаның үкімі қандай?

Ж: Рамазан айының оразасы барлық балиғатқа толған ер және әйел мұсылманға парыз. Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде…[1]», – деп әмір етілген. Сонымен қатар, нәзір[2] оразасын орындау да уәжіп. Рамазан айынан басқа уақыттағы оразалар мұстахап болып табылады. Мұстахап басқа да ізгі ерікті амалдар сияқты сауапты болып табылады.
С: Оразаның тілдік және шариғи мағынасы не? Оның тәулік ішіндегі басталу және аяқталу уақыты қалай?

Ж: Ораза (арабша — саум) – бір нәрседен өзін тию. Шариғи мағынасы: тамақ, сусын және жыныстық қатынастан таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен тиылу.

С: Рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат етілген адамдар бар ма?

Ж: Иә, намазды қысқарту қашықтығына сапарға шыққан жолаушы немесе ауыз бекітуі себепті сырқатының асқынуынан қауіптенген науқас. Бұл екі кісіге рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат. Алайда, кейін қазасын өтеп беруге міндетті. Сонымен қатар, ораза зиян етпейтін жолаушыға ауыз бекіткені абзал.

С: Жолаушы сапарда болғандықтан, ал науқас ауырғаны себепті ораза тұтпаса, соңыра осы күйде бірі сапарда екіншісі ауырып қайтыс болса, ол екеуіне не нәрсе міндет?

Ж: Мұндай жағдайда ол екеуіне ешнәрсе міндет емес.

С: Науқас ауруынан айығып, ал жолаушы еліне қайтқан соң оразаларының қазасын өтеуге міндетті ме?

Ж: Иә, науқас денсаулығы дұрыс күндер шамасынша ораза тұтуға, ал жолаушының өз еліне тұрақтаған шамасынша қазасын өтейді.

С: Жолаушы және науқастан басқа тағы кімдер рамазанда ораза тұтпауына болады?

Ж: Аяғы ауыр және емізуші ана өзінің және баласының денсаулығына қауіптенсе, рамазанда ораза тұтпайды. Олар қаза болған күндерін өтеп беруі парыз.

С: Рамазан айында ораза тұтуға болмайтын адамдар бар ма?

Ж: Иә, хайыз және нифас әйелдерге ораза тұтуға болмайды. Себебі, бұл ораза тұтуға тыйым салынатын жағдай.

С: Хайыз және нифас әйелдер рамазан оразасының тұта алмаған күндерінің қазасын өтеуі міндет пе?

Ж: Иә, олар тұта алмаған күндерінің қазасын өтеп беруі тиіс.

С: Тұтпаған оразасының қазасын өтеу парыз болмаған, бірақ фидия беру уәжіп адамдар бар ма?

Ж: Қарттық жеңген қария рамазанда ораза тұтпауына болады. Олар оразасының орнына фидия береді.

С: Қарттық жеңген қария дегеніміз кім?

Ж: Ол оразаны рамазан айында және одан кейінде мүлде тұта алмайтын қарт. Қартайып әлсірегендіктен өмірінің соңына дейін де оразасын өтей алмайды.

С: Фидия деген не?

Ж: Фидия[3] – кәффараттардағыдай әр күні бір мұқтажды тамақтандыру.

С: Сапар және сырқаты себепті ораза тұтпай, сосын қазасын өтеуге шамасы келе тұра, бірақ кешіктіріп жүргенде ажалы келген адам не істейді?

Ж: Алла тағалаға күнәсін кешіруді сұрап тәубе етеді. Мұрагеріне өзінің қалдырған мал-дүниесі есебінен әр өтелмеген күні үшін бір мұқтажды тамақтандыруды өсиет етеді.

С: Рамазан айында күндіз бала балиғатқа толса, кәпір мұсылмандықты қабылдаса не істейді?

Ж: Сол уақыттан оразаны бұзатын амалдардан өздерін тияды. Сосын рамазанның қалған күндерінде ораза тұту бұларға да парыз болады.

С: Ал, сол күннің қазасын өтейді ме?

Ж: Сол күннің қазасын өтеу парыз емес.

С: Рамазан айында есінен танып қалған адамның үкімі қандай?

Ж: Ниет етіп рамазан оразасын тұтып күндіз есінен танып қалса, сол күннің қазасын өтемейді. Ал, сол күннен кейінгі есін білмей жатқан күндердің қазасын өтейді.

С: Жынды адам рамазан ішінде ақылы келсе, оның үкімі қандай?

Ж: Қалған күндерінің оразасын тұтады, кейін өткізіп алған күндерінің оразасының қазасын да өтейді.

С: Жолаушы күндіз үйіне келсе немесе хайыз әйел күндіз етеккірінен тазарса, не істеу керек?

Ж: Рамазан айының құрметіне күннің қалған жартысында оразаны ашып жіберетін амалдардан тиылады.

 

(Мұхаммед Ашиқ Иләһи әл-Барни әл-Мадани,

«Әт-Тасһил әд-Дарури ли Мәсаил әл-Қудури»

кітабынан Ораза тарауы, 120-122 беттер. Жалғасы бар)

Руслан Қамбаров