ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ – БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ

Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы облыс халқы үшін ғана емес, республика, тіпті, түркі жұртшылығы үшін де ірі және жағымды жаңалық болғаны рас. Тарихи оқиғаның орын алуына себепкер, бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бұл қадамын бүгінде бүкіл ел қолдап отыр. Өйткені, тұтастай түркі жұрты үшін қасиетті мекен саналатын Түркістанның түлеуі, дамуы облыс халқымен бірге республика үшін де өте маңызды. Қазақ ұлтының қаймағы — ел билеген хандар мен билер, қол бастаған батырлар мәңгілік мекен тапқан Түркістан — туристер үшін де қызыққа, таңғажайыпқа толы мекен екені талассыз. Ендеше, төрткүл дүние көз тігіп отырған Түркістанның облыс орталығы ретінде қарыштап дамуы Қазақстанның әлем алдындағы маңыздылығын, беделін тағы бір сатыға көтеретіні сөзсіз. Міне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістанды дамытуға айрықша көңіл бөлуінің себебін осы ерекшеліктерден-ақ аңғаруға болады. Кешегі аптада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, облыстың қазіргі жағдайы мен тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, болашаққа деген жобасымен танысып кетуінің мәнісі де осы мәселеге тікелей байланысты.


Н.Назарбаев Түркістан облысына жасаған іссапары барысында алдымен қаланың даму концепциясымен танысты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанды дамыту жоспарын баяндады. Елбасы салтанатты жағдайда шаһарда жаңадан бой көтеретін әкімшілік іскерлік орталығының капсуласын салды. Іскерлік орталықтың аумағы 225 гектарды құрайтын болса, оның айналасына түсетін тұрғын үйлерді қоса есептегенде орталықтың жалпы көлемі 670 гектарға жетеді. Онда, сондай-ақ, республикалық аумақтық бөлімшелер, көп қабатты тұрғын үйлер, театр, кітапхана, мұражай, мектеп, балабақша, стадион, емхана, саябақ сынды көптеген әлеуметтік нысандар мен түрлі құрылымдық органдардың ғимараттары орналаспақ. Орталық құрылысының бірінші деңгейі 2019-2021 жылдарға жоспарланып, бұл мерзімде жалпы аумақтың 20 гектары игерілетін болады. Бұл кезеңде облыс әкімдігінің ғимараты, облыстық басқармалардың нысандары, республикалық аумақтық бөлімшелер, Конгрес хол, «Түркістангенплан» орталығының құрылысы толығымен аяқталатын болады.

 

Жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, туризмге серпін беру басты назарда болуы тиіс
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанға жасаған жұмыс сапары барысында өте маңызды бірнеше құжатқа қол қойылды. Соның бірі — Түркістан қаласын дамыту жөніндегі Жарлық болды. Бұл турасында облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі былай деп баяндайды: «Елбасы Түркістанда облыс әкімдігінде өткізген активте қаланы дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды. «Бүгін еліміздің тарихында бір елеулі уақытта кездесіп отырмыз. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Түркістанның дамуы, болашағы қалай болады деген сұрақ бойынша әңгімелесеміз. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеді», — деген Елбасы сол комиссия басшысының есебін тыңдады. Елбасыға Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарын баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бас жоспарға лайық үздік жоба анықталғанын мәлімдеді. «Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Таңдалған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Ясауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді», — деді Асқар Мамин.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың дамуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6 пайызды құраған. Мал басы артып, 3500 тонна ет экспортталған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 миллион тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 миллион тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 миллиард теңгеге артты. Өңір экономикасына 142 миллиард теңге инвестиция бағытталды. Қазір облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 8 айда құрылыс көлемі 66,2 миллиард теңгеге жетіп, өсім 105,8 пайыз болды. Барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 21,2 миллиард теңге инвестиция бағытталды. 291,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 1922 пәтер іске берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 137,6 пайызды құрады. Осы деректерді баяндаған әкім облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру бағытындағы жұмыстар мен қаланы дамыту жөніндегі жоспарларға да тоқталды.
«Сіздің «Түркістан облысын құру, әкімшілік орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы» Жарлығыңыз бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік органдарды жайғастыру үшін Түркістан қаласынан қажетті 25 ғимарат белгіленді. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1 956 пәтерлі 33 тұрғын үйдің (122 мың шаршы метр) құрылысын бастап кеттік. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесін беріп жатыр. Кеше ғана, яғни 28 қыркүйекте Түркістан қаласында 1-ші «Көне Түркістан — жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 17 шетел және отандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 миллиард АҚШ долларын құрайтын 17 құжатқа қол қойылды», — деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.
Баяндамаларды тыңдаған Елбасы «Біз бүгін Түркістанды жаңа облыс орталығы ретінде аяғынан тік тұрғызу мәселесімен жиналып отырмыз. Қазір мемлекеттік органдар Түркістанға көшіп, жұмыс істеп жатыр. Енді Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін Үкімет пен облыс әкімдігі мына мәселелерге назар аударулары тиіс. Біріншіден, өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру керек. Облыстан Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін бюджеті екіге бөлінді. Сондықтан бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін, бюджетті молайту жолдарын табу қажет. Екіншіден, жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйреткен жөн. Түркістандағы  құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында  өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс» деген Елбасы ауыл шаруашылығын одан сайын дамытып, өнімдерді өңдеп шетелге экспорттау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталды. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауызсумен қамту мәселелерін шешу жөнінде де тапсырма берді. Баламалы қуат көздерін дамытуды жүктеді.
Актив мәжілісінде  Қазақстанның  Құрметті  журналисі  Байдулла  Қонысбек  Елбасының  Түркістанға деген ерекше ықыласы мен қамқорлығына ел атынан алғыс айтса, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Виктория Черкашина жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға риза екендігін жеткізді.
Түркістанды дамыту жөніндегі алқалы жиында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы эко-номикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды».
Ел Елбасымен Этноауылда жүздесті
Жаңадан облыс орталығы мәртебесін алған түркістандықтар Елбасының келуін асыға күткен-ді. Өйткені, Мемлекет басшысының өзі арнайы келіп, облыс орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, жаңа жобалар мен алға қойылған жоспарлармен танысуы жергілікті тұрғындардың жұмысқа деген ынтасына серпін беретіні анық. Осылай болды да. «Этноауыл» алаңына жиналған көпшілік Нұрсұлтан Әбішұлының келуін үлкен қошеметпен қарсы алды. «Түркістанға оралу» деп аталған салтанатты іс-шараның құрметті қонағы болған Елбасы көпшілікті қуаныштарымен құттықтап, былай деді: «Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның орны еліміз үшін үлкен маңызға ие. Ол Орталық Азиядағы ең көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы тарихи деректерде Күлтөбеден табылған жәдігерлер оның кемінде 2000 жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Түркістан қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиғалардың бел ортасында болған тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Ол Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі ретінде танымал болды. Сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударды. Шығыстың Аристотелі атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби Түркістанның іргесіндегі Отырарда өмір сүрген. Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың Ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан маңындағы қасиетті төбелерде қазақтың тағдыры шешілген әйгілі жиындардың өткендігі тарихтан барлығымызға белгілі. Мәртөбеде жыл сайын қазақтың бүкіл игі жақсылары жиналып, мәслихат құрып, елдің мәселелерін талқылап, шешіп отырды. Күлтөбеде әз-Тәуке қазақтың барша аузы дуалы билерін жинап, «Жеті жарғы» заңын қабылдады. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада нәубет-тен кейін қазақтың бас көтерер азаматтары түгел Ордабасыға  жиналып, сол жерде  құрылған әскерменен Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс бергенін білеміз. Сонымен бірге Түркістан қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгі жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер. Олардың арасында еңсегей бойлы Есімхан, Хақназар хан, әз-Тәуке, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батыр және басқа да көптеген жақсылар мен жайсаңдар бар. Қарап тұрсаңыз шын мәнінде Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қадірлі әрі қасиетті мекен. Біз тәуелсіздікті жариялағаннан бастап Түрік мемлекеті бірінші болып қолдап, Түрік Президенттерінің барлығы осында келіп, тәу етіп, олармен бірлесіп қазақ-түрік университетін құрдық. Мешіт салдырдық, кесенені жөндедік. Исламда ерекше орны бар, сопылық ілімнің негізін қалаушы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда жатыр. Ислам қағидаларын түрік әлемінің рухани дәстүрлерімен ұштастырған Әзірет Сұлтан қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының руханиятында ерекше орны бар тұлға. Оның басына тұрғызылған алып кесене бүгінде Қазақстандағы ең басты тарихи ескерткіштердің бірі. Түркістан талай ғасырдан бері Қап тауынан Қашғарға дейінгі аралықта мекен еткен тұтас түркі халықтарының зиярат етіп келетін қасиетті орны. Халқымызда Мәдинада — Мұхаммед, Түркістанда — Қожа Ахмет деген сөздер бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас тұран даласының түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Осыған орай мұнда Түрксойдың қолдауымен қырықтан астам іс-шара өткізілді. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп таныды. Осының барлығы бүгінгі біздің шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды. Біз өткен Түрік басшыларының саммитінде Түркі әлемінің киелі жерлері жобасын қолға алуды ұсындық. Соның ішіндегі негізгі жерлердің бірі — дәл осы Түркістан. Сонымен құрметті ағайын, бұл шешім еліміздің өркендеуі үшін, Қазақстанның Оңтүстік өңірінің жайнап өсуі үшін өз себебін тигізетін болады. Түркістан 2-3 жылдың ішінде басқа қалаға айналып, еңсесі көтеріліп, барлығымыздың қуанышымызға өсіп-өркендейтін болады. Сондықтан  іске сәт!».
Жиында Түркістан қалалық ардаргерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Елбасының бұл Түркістанға 15-сапары екендігін айтып, ел үшін атқарып жатқан ерен еңбектеріне алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Түркістан қаласының тұрғыны, білім саласының қызметкері Зияева Мөлдір облыс орталығы атанған Түркістан қаласына Мемлекет басшысының 29 қыркүйектегі сапарына орай қала күнін осы датаға белгілеуді ұсынды. Елбасы тосын ұсынысқа өз разылығын білдірді.
Алқалы жиында Түркістан жұрты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевты зор ықыласпен шығарып салды.
Иә, Елбасы ерекше назар аударып отырған қасиетті Түркістан болашақта ел танымастай әдемі де, тұруға қолайлы қалаға айналатыны қазірден-ақ белгілі бола бастағандай. Сондай-ақ, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өндіріс пен сауда-саттықтың орталығына да айналады деген сенім бар. Лайым, сенім сетінемей, үкіленген үміт ақтала бергей!
Шадияр МОЛДАБЕК,
Түркістан облысы