Екібастұзда көшелерді жарықтандыру желілері 100 пайызға жаңартылды
Екібастұзда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жарықшамдар мен сымдарды жаңарту, көшені жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша бірегей жоба жүзеге асырылды. Бұл қаладағы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік әдісін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қолданудың тұңғыш тәжірибесі.
Екібастұз әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, аталмыш жобаны іске асырудың арқасында үш бірдей нәтижеге қол жеткізілді: жарықтандыру жабдықтары жаңартылды, электр энергиясы мен бюджеттік қаражат үнемделді. Инвестициялар 800 миллион теңгені құрады.
— Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларының артықшылығы қаражатты инвестордың жұмсауында, — дейді Нұржан Әшімбетов. – Бюджет бір сәтте үлкен көлемдегі сомаларды бөле алмайды. Сондықтан бұл жоба МЖӘ арқылы жүзеге асырылды. Оның аясында төрт мыңға жуық жарықшамдар мен оқшаулы сымдар орнатылды. Жарықшамдар қазақстандық өнім болып табылады. Бүгінгі таңда олар көшелерді жақсы жарықтандырып, тұрғындардың көңілдерінен шығуда. Жуық арада көшелерді жарықтандыру желілерін жеке меншік әріптесімізге тапсыратын боламыз.
Қаладағы жарықтандыруды жаңарту бастамасы «Горэлектросеть» ЖШС-не тиесілі. Жобаға қатысу үшін жарықдиодты жарықшамдар өндіретін қарағандылық «PROLUX LED» ЖШС шақырылды. 2017 жылы қыркүйекте жоғарыда аталған компаниялардан тұратын консорциум конкурста жеңіске жетіп, жобаны жүзеге асыруға кірісті.
— Жобаға сәйкес 3500 сынаптық және натрийлік жарықшамды жарықдиодты құрылғыларға ауыстырып, 82 шақырымдық оқшаулы сымдар тарту көзделді, — дейді «Горэлектросеть» ЖШС басқарма төрайымы Майгүл Олжабаева. – Сонымен қатар, сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Қазіргі кезде барлық жұмыстар аяқталды. Жаңғыртудан өткен учаскелерді іске қосқаннан соң электр энергиясын тұтыну 57%-ға кеміді.
«PROLUX LED» ЖШС нарықта 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Компания өкілдері жарықшамдарға бес жылдық кепілдеме қойылған деп сендіруде.
– Жарықдиодтардың жұмыс істеу мерзімі 20-23 жыл, — дейді «PROLUX LED» ЖШС атқарушы директоры Николай Абт. – Натрийлік жарықшамдарға қарағанда жаңа құрылғылар электр энергиясын 3,5-4 есе кем тұтынады. Осы себепті электр энергиясы 57-60%-ға үнемделеді. Көшелерді жарықтандыруды жаңартудың мұндай ауқымды жобасы Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылды. Жоба жеке меншік әріптестердің банктен қарыз алуы арқылы қаржыландырылды. Мемлекет өз тарапынан төрт жыл бойы «Горэлектросеть» ЖШС, «PROLUX LED» ЖШС компанияларының жұмсаған инвестициялық және операциялық шығындарын өтеуді мойнына алады.
Әлихан Рахметоллаұлы