НАМАЗЫН ТАСТАП КЕТКЕН БАУЫРЫМA ХАТ
Ассалаумағалейкум!
Бауырым, сен намазыңды тастап кетіпсің. Дұрысында намаз сені тастап кеткен екен… Бұл өте өкінішті жәйт. Өйткені, сен намазға жығылған кезде өзгелер саған қарап үлгі алған еді. Діннен алыс жүрген таныстарыңның сені исламның бір бөлшегі деп қарайтын. Кім біледі, кейбірі сенен басқа намаз оқитын ешкімді танымаған да шығар. Ондай кісілер үшін ислам деген мына сен едің ғой, бауырым. Ал енді намазыңнан айрылған кезде ше? Олар естімеді емес, естіді. Сол сәт әлдекімнің: «е-е-е, бұл да бір уақытша нәрсе екен ғой» демегеніне кім кепіл?
Жұма намазына барған кезде намазға жиналған қара нөпір адамды көреміз. Бірақ бұл намаз оқитын бауырларымыз көп деген сөз емес. Себебі, дәл сол сәтте базарда, кафе-ресторандарда, казиноларда жүретін, үйлерінде ұйықтап жататын, тіпті мешіттің алдынан бейқам өтіп бара жататын адамдардың саны олардан әлдеқайда көп. Демек, күніне бес уақыт маңдайын сәждеге тигізіп жүрген мұсылмандар өте аз деген сөз. Сол аздың біреуі сен едің, бауырым…
Сен не себепті намаздан айрылып қалды екен деп ойланып отырмын. Мүмкін намазды түсінбей оқыған шығарсың о бастан. Достарыңа, ағаларыңа ілесіп, намаздың маңызына мән бермей, жауапкершілігін ескермей жығылған боларсың. Мүмкін әлі де сезіне қоймаған шығарсың. Егер, намазды оқымай кеткеніңе тіпті өкінбейтін де болсаң, «Намаз оқымай жүрген бауырыма хатты» мақаласын оқып көр. Ал егер, намазыңнан әлдебір себептермен айрылып қалып, оныңа өкініп, қынжылатын болсаң, құлшылығыңа қайтадан орала алмай жүрген болсаң, үшінші бөлімнен бастап оқы.
«Иманды сақтау және күшейту жолдары» атты кітапта адам иманын күшейткісі келсе, өзгелерден көмек күтетіні туралы айтылады. Бірақ анығында ол адамға өзінен басқа ешкім көмектесе алмайды дейді. Расында да, бауырым, өмірің үшін, ақыретің үшін басқа емес, мына сенің өзің жауаптысың ғой? Шыныңды айтшы, дәл қазір дәрет алып, екі ракағат намаз оқуыңа не кедергі? Ешкімді алдамай, өз-өзіңе де өтірік атпай жауап берші? Не кедергі?
Психология ілімінде кеңес беру, адам санасындағы қиындықтың туу себетерін оған айту сияқты тәсілдер бүгінде ескірген. Тіпті қолданыстан шыға бастаған. Бірақ мен сол көне тәсілдерге жүгінгім келіп отыр…
Намазды қайта бастауға осыншама ниеттенген адамға кедергі болатын бірден-бір себеп, «ел не дейді» деген ой болатын секілді. Жұрттан ұялады. «Кезінде тастап кетіп еді, енді несіне жетісіп намазға қайта келген» деп айтатындай көрінеді. Бауырым, егер сен де солай ойлайтын болсаң, бұл ойды ұмыт. Өйткені, сен намазды жұрт үшін емес, Алла үшін оқисың. Алланың бұйрығы болғандықтан оқисың. «Намаз саған не үшін керек» деп айтқан адам ертең машқар алаңында сен үшін ара түсе алмайды. Ол кезде, бауырым, ол түгілі сенің жан әкең мен асыл анаң да дәрменсіз болады. Кешегі оқылмаған намазың үшін, алдың күні қаза болған намазың үшін, оның алдындағы тәрк етілген намаздарың үшін өзің жауап бересің! Рас, өткен уақыт өтті. Ол намаздарыңды енді түгендей алмайсың. Бірақ дәл қазір осы хатты оқып отырған уақыттағы намазды аман алып қала аласың ғой? Қарашы, сағат неше? Қай намаздың уақыты? Бұрын оқыдың, сөздерін де, тәртібін де білесің. Білмесең, қайталап ал, білетіндерден сұрап ал. Ешкімнің сөзіне де, кекете қараған көздеріне де назар салма. Өйткені, бауырым, бұл сенің намазың, бұл сенің өмірің, бұл сенің ақыретіңе жасап жатқан дайындығың…
Бір бауырымыз «намазымды тастап кеттім, қайта бастай алмай жүрмін, өзімді түсінуден қалдым, бұлай жалғаса берсе, өз-өзіме қол жұмсаймын ба деп қорқамын» деп хат жазыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, ел-жұрттың өсегінен қорқатын адамның сөзі сияқты. Өзіме-өзім қол жұмсаймын деуі де, өзінің намазын тастағанына қаншалықты өкінетінін дәлелдегісі келетіндіктен айтылған сөз болуы керек. Әйтпесе, өз-өзіне қол жұмсау ең ауыр күнәлардың бірі екенін білетін шығар. Бұндай сөзді айтқаны үшін Алла өзі кешірсін… Бұл бауырымыздың намазға қайта келуіне жігері әбден жететініне біз кәміл сенеміз.
Осы хатты жазған адамға басқа бір бауырымыз «дұрысы мешітке барып, имамдардан сұра» деп кеңес беріпті. Өте дұрыс сөз. Себебі, мешіт уағызынан қол үзбеген адам иманды аялап ұстаудың жолдарын кеңінен ұғынар еді. Алланың бірлігі, күнәнің түрлері, құлшылықтың сыры, имани ортаның маңызы… Бұның бәрі мешіттерде тұрақты түрде айтылып жатады. Аллаға шүкір.
Ал, бауырым, саған деп жазған хатымның соңына да жақындап қалыппын. Сөз соңында айтайын дегенім, бәрі де бір Алланың қолында. Біз мұсылман болсақ, Алланың рақымымен мұсылман болдық. Намазымыздың түгел болуы да Алланың кеңшілігінің арқасы. Сондықтан бәрінен бұрын Алладан «иманымыздан ажырата көрме, күнәдан қорғай көр, екіжүзділіктен сақтай көр, намазымыздан алыстата көрме, бізді мұсылман күйімізде ал» деп жалбарына дұға жасауымыз керек.
Алла қолдап, қайта жығылып жатсаң, екіншілей намазыңнан айрылмашы… Ниетің қабыл болсын, бауырым.
Әбу-Нұрхаят
Құран 29/45: «Саған уахи етілген кітапты (Құранды) оқып, намазды орында. Расында намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды».
Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың қайта тірілген күні алғаш есепке тартылатын амалы- намаз»
Құран Зәрият сүресі 56-аятта Алла Тағала:«Мен жындар мен адам баласын тек ғана мені танып, маған ғана ғибадат етсін деп жараттым».