Құдай құзырындағы қадіріңізді білесіз бе?
Құдай алдындағы қадір-қасиетіңізді білгіңіз келе ме? «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деп Хәкім Абай айтқандай елдің берген бағасы әрқашан да дұрыс бола бермейді. Олай болса, қазір немен шұғылданып жүрсіз, соған қараңыз. Бұл сіздің Хақ Тағала назарындағы шынайы бағаңызды көрсетеді.
Құдайды зікір етіп, еске алып, үнемі шүкір тәубәңізді айтып жүрсеңіз, демек, Жаратқан сізді жарылқауды қалайды. Күнде жүрегіңіздің қалауымен қолыңызға Құран алып оқып жүрсеңіз, демек, Құдай сізбен тілдескісі келеді. Сөйлескісі келеді. Бес уақыт намазға және ізгілікке жақын жүрсеңіз, Құдайдың сізді Өзіне жақын тұтқысы келгені деп біліңіз. Ал, таң атқаннан кеш батқанша бала-шаға деген сылтаумен қу дүниенің артынан шапқылап жүрсеңіз, бірақ, отбасына көңіл бөлу жоқ, ағайын-туысты ұмытып, қайырымдылық дегенді атымен білмесеңіз… Онда жағдай қиын. Әлемдердің Раббысы сізді Өзінен алыс болғаныңызды қалап тұр. Аянбай еңбек ету және маңдай термен адал табыс табу бұған жатпайды. Сондықтан, жалқау мен жатыпішердің қу дүниемен біздің шаруамыз жоқ деуі бұған қатысты емес. Егер, бастықтардың айналасында жүріп, солардың көңіл-күйімен бәйек болсаңыз, онда Алланың сізді қор еткісі келгені. Әгәрәки, күнде дұға-тілек жасап, мінәжатқа ықыласпен ден қойсаңыз, Алла Тағаланың тілеуіңізді бергісі келгені.
Демек, Құдай құзырында сіздің бағаңыз бен мәртебеңіз қандай екенін білгіңіз келсе, аңсарыңыз неге ауып тұрғанына зер салыңыз және немен көп шұғылданып жүрсіз. Жауабын көп күтпей-ақ білерсіз.
Руслан ҚАМБАР,
исламтанушы