ШЕР – АҒАНЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ
— Заң басқа, заман басқа. Көрерміз, азаматтар не дер екен?..
Бильярдтағы сұхбаттан соң Шер-ағаны үйіне жеткізіп, қоштасарда, “Сайлауға, Мәжіліс депутаттығына қатысасыз ба?”- дегенімде, осылайша екіұшты жауап қатқан…
Шер-аға, сол 2004 жылдың қыркүйегінде өткен сайлаудан тыс қалды. Келер жылдың қақаған қысында Шер-ағаны Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ауруханасында жолықтырдым.
-Жаcсың ғой, мұнда неғып жүрсің? Біз болсақ жетпістен астық. Дәрігерім анда-санда шақыртып, денсаулығымды бақылап тұрады,-деген, жаңашырылықпен қолымды қысып ұстап тұрып.
Шығармашылық адамына Астананың ауа-райы қолайсыздау болса да, Шер-аға билік шахарынан көшпей, тұрып жатты. Он жыл ең сыйлы, қадірлі депутаты болған Мәжіліске де кіріп-шығуы қиындаған. Депутат кезінде алыстан көргеннен жүгіріп шығып, таласып есікті айқара ашатын қапталдағы полицейлер, бірде Парламентке шақырған соң барғаныңда, “Сізді қарсы алатын кісіңіз келгенше ішке өткізе алмаймын”,- деп кіреберісте тоқтатқан. Содан бері ол жолды ұмытқан…
2004 жылдың маусымында екінші шақырылған Мәжіліс депутаттарының Заң бойынша өкілеттік мерзімі аяқталғаны жарияланған. Үш айдан соң, яғни 19 кыркүйекке жаңадан Мәжіліске сайлау тағайындалды. Шер-аға ешқайда бармай, Астанада өзі сенген ұлтжанды азаматтардан хабар күтіп жатты. Соңғы депутатық өкілеттігі кезінде сол азаматтарды айтуындай қолдаған. Үлкен кісінің алдында да, “анау “араңы ашылған қырандардан” гөрі, мынау “Елбасым деген қырандар” сеніміңізден шығады” деп, сол азаматтардың абыройын асқақтатып, қолыңан келген қолғабысын аямаған. Ғұмырлық принципінен де бір сәт мүлт кетіп, солардың тақтары қыл үстінде қылпылдап тұрған сын сағатта, даулы заңға дауыс беру кезінде, жүрегі қаламаса да өзің күштеп, жанына жат нүктені көзді жұмып басып та жіберген. Алдыңнан сонысы сан мәрте шықты. Жаулары көзің шұқыды, табалады…
Сол азаматтардың айы оңынан туып, шешім шығарар ғаламат шенге ие болған. “Шер-аға, біз ешқашан ұмытпаймыз”, — деген сонда…
Атырауда жолығып Алматыға шақырған тарлан замандас-қарындасы Фариза Оңғарсынова сағыздай созалған сол жазда сәлем беріп келген. Ай бұрын депутат болған екеуінің әңгімесі, әрине сайлау тақырыбы. Өткен бес жыл бұрынғы сайлауда, өмірдің мәнісін қақпағандар айналасындағы отыз адам “сайлауға түс, орда бұзасың” деп қолпаштағанға қағыңып, “Шерхан Мұртазаның уақыты өтті, заман менікі” деп ұрандатып, өлермен болып еді. Мандатыңды бер деп жағаға жармаспағаннан басқасын көрді. Фариза болса екінші турда ғана жеңіске жетіп, қатарларына қосылған. Бір кем дүние.
Бұл жолғы сайлау ерекше. Он екі партия бет жыртыспақ. Төгіп жатқан ақшалары да аз емес. Ендігісі, інілерді алға салып, “ал, кеттік” дейтін заман келмеске кеткен. Сондықтан да, Үлкен үйдегілер не дер екен деп күткен.
… Бала кезден тай-құлындай тебісіп өскен жанашыр досы Қаратай Тұрысовты ойлаған. Жетпіске толғаныңда Президент Н. Назарбаевтың қабылдауынан шыққан соң үйіне шақырып, дастархан жайған. Жанына жақындарды жиып, бір тосты өзіне арнаған. “Үлкен кісі, Шәкеңе сәлемімді жеткіз деді. Мен сенің айтып жүргеніңді тігісін жатқызып, дұрыстап айттым. Біреулер “бірнәрсе” деп сыбырлап қояды ғой. Әйтпесе саған құрметті бөлек. “Шәкеңнің ұлт руханияты жолында жасап жүрген еңбегі бағалы деді ғой”, — деп қапсыра құшақтаған. Жарықтық, “Парламенте арыстандай ақырып жүруін керек. Аналарың үн шығармаса, өзім баратын жерге барамын, айтатын жерде айтамын. Қазаққа керексін”,- деген еді.. Марқұм, жалғыз ұлдың қайғысынан біткен дерті қайтадан меңдеп, төсек тартып жатқанда көңілін сұрап барған. “Шер-аға, ішім бәрін сезіп жатыр. Жете алмай қалдым” деген, бейне бір қаймана қазақтың аманаты мойнында борыш боп қалғандай көзі жасаурап. Тұқымың көбейгір, қайран Қайреке, беделді дос.
Көп ұзамай, 2004 жылдың бірінші тамызында Қаратайынан да айрылды. Қаратай кеткен соң айналасы опырайып, ойсырады. Қаратай Тұрысов талай жыл Мәскеуде Одақтық мекемелерді басқара жүріп, сан ұлттан жиналған марқасақаларға мықтылығын мойындатумен қатар, сол тілі мен діні басқа жұрттардың жақсы қасиеттерін санасына тоқыған ғой, шіркін! Заманалардың озық мәдениетінің өнегесіндей заңғар тұлға еді.
Сол күтумен ала жаз да, қоңыр күз де өтті. Шер-аға Астанадан қозғалмады. Тапжылмай, сол азаматтардан бір хабар болар деп күтті. Мүлгіген тыныштық өзгермеді. Абай айтқан ақиқаттан аспады.
Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Одан да шықты жаңғырық.
Есітсем үнін, Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Арасында “Шер-ағаның шекпенінен шыққанбыз” деп мақтанатындар келіп, көңіліне демеу беріп кетеді. Көлдей — көлдей жазған естелік-эсселері — көз қуаныш. Осы ғұмырында кімге жақсылығы өтпеді. “Жасаған жақсылығының өтеуін сұрама” дейді. Оны түсінгенге айтарсыз. Түсінбегенге ше?!
“Шекпеннен шыққандар да” бұл күнде жігіт ағасы. Ақылды өзіңнен өткізіп өргізеді. Мекеме басқарып жүргендері де бар. Арасынан біреуі: “Мінеки, Шер-аға, Сіз басқаратын Қоғамдық қор, кеңсеңіз дайын, мынау көлігіңіз бен жүргізушіңіз, жағдайды реттеп тастадық”, десе осылай сарғайып отырмас та еді…
…Депутат болып жүргенінде, кітабын шығарған баспагері келген.
“Шер-аға, топан ақшаны қайтесіз. Мен, гонорарыңызды әмриканың жүздігімен әкелдім деп, алдыңа бірнеше пачкі долларды қойған”. Расында разы болған.
-Тәйт. Ақшаның киесі ұрады. Топан деме! – деген әзілдей күліп.
Сол баспагерлер кейін де жазғандарын кітаптады. Пенсионерге бәрі бір дегені ғой, 1-2 мың теңгелікпен гонорарын әкеліп: “Шер-аға, білесіз ғой. Үкімет мүлдем жазушыларға қаламақы төлеуді ойламайды, өз пайдамды Сізге тіркедім”, — деген. Өтті дәуреннің осылайы осы ма?! Кемеңгерді күйік күйретеді. Мұндай кезде шақырмаса да жанынан шықпайтын әйелінің алдына сол “топан ақшаны” ысырған. Әйел де бір әпенді. Кесек ақшаны жұмсауға үйренгенмен, мына ұсақ ақшадан шатаса берген. Мияулай берген соң, ұсақ ақшаны елу мыңға шақтап бөліп, белінен буып беріп құтылған. Дүние-шіркін…
Жаны күйзеліп, шермене жүрек атой салғанда халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлын еске алатын. Баукең рухани ағасы ғана емес, жақын туысқаны, ағайыны. Бір рет Баукеңді қатты ренжіткен. Бәрі де сол. Данышпан ердің жанын түсінер дана әйелдер некен-саяқ. Баукең батыр ғана емес жазушы. Жазғандарын машинкаға теретін сол жеңгей де жағаласып жазушы болмаққа әлек салған. Сонда ғой, “мынаның кітабың жоспарға қоссаң” дегеніне, қыңыр мінезімен жүре сөйлеп, батырыңқырап басып жібергені.
Баукең бір ашуланғанда, “Верама ешқайсысы жетпейді” деп налығаны бар. Сол Вера Павловнаға бірінші туындысы “Наша семьясын” арнаған. Бәрі жабылып жүріп сол кітаптың қазақша нұсқасына Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын әпергенде, Вера Павловна Ресейдің Халық Артисі еді. Сан мәрте Мәскеуде болғанында бір жолықпағанына өкінген. Баукең өмірден өткен соң, батырдың архивіндегі Вера Павлованың хатына көзі түскен:
“Любезнейший, Бауыржан! Мое сердце всегда учащенно стучит, глаза блестят при одном только упоминании тебя.
Есть ли во мне, что я могу держать в глубокой тайне от тебя?
Пламя войны можно забыть, а вот пламя любви забыть невозможно? Забывшим тогда не гореть в этом пламени.
Дорогой, Бауыржан, к сожалению, ты далеко от меня?
Душа моя в постоянном поиске: ради тебя, я готова летать. Даже, сейчас, услышав твой голос, быть рядом с тобою — моя сокровенная мечта. Задел ты меня за живое — придал звук моей струне, дорогой. Каждый божий день, желаю тебе быть здоровым!
Иной раз сама себя обманываю: подойду к подушке на которой ты спал, обниму ее, к стулу на котором ты сидел, возьму в руки книгу, которую ты читал, ручку, которую ты так задумчиво держа в руке прикладывал к голове — этот образ возникает у меня в голове, тем самым разгоняю свою тоску по тебе. Самообман я этот когда-нибудь преодолею.
Честь и совесть главное твое орудие, Бауыржан. Ты, мое вечное страстное желание. Такому человеку как ты, не только я признательна в любви, но и все благодарное человечество. Когда думаешь о нужде своего народа, когда в печали, ТЫ СТАНОВИШЬСЯ ЕЩЕ КРАСИВЕЕ. Я это чувствую тонкой душой , мое сердце становиться нежным, тебя люблю еще больше чем раньше»…
Баукеңнің жұмбақ жаның европеид тектес ақсүйек кербез келіншектер ғана түсінді-ау…
Арыстандай ашуына мінгенде бөлмесінің есігін тарс жауып темекісін будақтататын. Ай бойы бөлмеден шықпай, ойларын қағазға бұрқыратып төгетін. Батырдың сол пайымдары қаншама жазушының Баукең туралы кітаптарына азық, өздеріне атақ пен ақша болды десейші. Әбден сарылып, құр сүлдері қалғанда телефонның тұтқасын көтеретін де: “Я выезжаю к вам!”,- деп такси шақыртатын. Алматыдағы СовМин ауруханасына жеткенде күтіп тұрған бөлім меңгерушілері: “Добро пожаловать, Наш Герой! Мы всегда рады Вам!”- деп жарқын жүзбен жанұшырып қарсы алатын. Шашы мен мұртын басып, тырнақтарын алып, системасы мен ем-домын қатырып Батырды қатарға қосатын.
Иә, Баукең Батырдың Батыры, Серінің Серісі.
Ешкімге жалтақтамады.
Ар-намысы, абыройыңа дақ түсірмей, күйіктен жаны күйзелсе жаралы жолбарыстай үнсіз тынып, іштей ыңыранды.
Сонысы, ақиқат жол болыпты.
Шер-ағада, Астанада шер мен шындыққа толы “Бір кем дүниесін” еңсерген соң, жаһанға жар салмай, ағасы Баукең салған сол жолмен туған еліне аттанған…
P.S. Ізгі ниетті достар, бұл менің көзбен көріп, көңілге түйгендерім. Егер осы жазбада түсініксіздеу тұстар болса, жауабы алдыңғы бөлімдерде. Бәрі профильде тұр.