Қазақстанда тұңғыш рет «Al Hilal» Ислам банкі»

KAZISLAM –  Қазақстанда тұңғыш рет «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ ислам ипотекасын бастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Ислам қаржы принциптерімен құрылған жаңа өнімді Алматы, Астана және Шымкент қалаларының тұрғындары баспана алу үшін, бұрын алған ипотеканы қайта қаржыландыру үшін қазірден бастап алуына болады.

Айта кетейік, ипотеканы діни сеніміне қарамай, кез келген адам ала алады.

«Ислам ипотекасының басты құралы Мурабаха дәстүрлі пайыздық мөлшерлеменің жоқтығымен ерекшеленеді, себебі шариғатта бұған тыйым салынған. Ипотека құрылымы мынадай: банк тұрғын үй сатып алады да, оны клиентке үстеме бағамен бөліп төлеуге береді, үстеме бағаны клиент алдын ала біледі және қаржыландыру барысында ол тұрақты болады. Мұның негізі ашықтық және пайда: клиент тұрғын үйдің ақырғы бағасын нақты біледі», — делінген банктің хабарламада.

Бұл өнімнің тағы бір ерекшелігі – қолайлы төлем жасау тәсілі. Клиенттердің басым көпшілігі дәстүрлі банктің ақшалай төлемін (аннуитет) оңтайлы санайды, бірақ оны таңдаған кезде ипотеканың ақырғы құны ипотеканың мерзіміне қарай айтарлықтай ұлғайып кетеді. Al Hilal банкінің ислам ипотекасы бойынша төлем жасау схемасы қаржыландыру мерзімі барысында тең төлем жасауды қарастырады, бұл аннуитетке ұқсайды, бірақ дәстүрлі банктерге тән артық төлем болмайды.

«Қазақстандағы ислам банкингін дамытуда ислам ипотекасын іске қосу маңызды қадам. Бұл жеке тұлғаларды қаржыландыру бағдарламасының алғашқы өнімі. Клиенттер біздің өніміміздің артықшылықтарын, ерекше және тиімді шарттарын бағалайды деп үміттенеміз»,-деді «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Елтай Мұхамеджанов.