ҚАРЫЗҒА БАТТЫҢЫЗ БА? ШЕШІЛМЕЙТІН ҚИЫНДЫҚҚА ҰРЫНДЫҢЫЗ БА? ОНДА АНАҢЫЗҒА АЙТЫП АРНАЙЫ ДҰҒА ЖАСАТЫҢЫЗ…

ҚАРЫЗҒА БАТТЫҢЫЗ БА? ШЕШІЛМЕЙТІН ҚИЫНДЫҚҚА ҰРЫНДЫҢЫЗ БА? ОНДА АНАҢЫЗҒА АЙТЫП АРНАЙЫ ДҰҒА ЖАСАТЫҢЫЗ.

Кейде болайын деп тұрған ісіміз болмай қалып, жүрейін деп тұрған жұмысымыз жүрмей қалып, күйбең тірліктің күрмеуін шеше алмай басымыз қатып кететін кездер болып тұрады. Сондай кезде тығырықтан шығар жол іздеп тарыққан біз «Мен үшін дұға жасашы», «Намазыңда менің ісім оңға бассын деп тілеші» деп әркімге бір өтініш айтып кетеміз. Тіпті, кейде «бір шешсе менің мәселемді осылар шешер» деп талай үйдің табалдырығын тоздыратынымыз да жасырын емес.
Алайда, бір сәт ойланып көрейікші.
Бұл неге бұлай болды? Біз осы анамыздың ақ батасын ала алмай қиналып жүрген жоқпыз ба? Біз әкемізді ренжітіп, жүрегіне қаяу сап кеткен жоқпыз ба?
***
Жер бетіндегі ең таза, ең ықыласты тілек – ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы екен. Басқа ешкімнің дұғасы дәл солай шынайы, таза, пәк бола алмайды. Ана баласы үшін бар ықыласымен тілейді. Одан ешқандай қарымта күтпей, бар жанын салып Аллаға жалбарынады. Ал Алла, әлбетте, жүректегі жасырынған сырларды білуші, барлық сыбдырды естуші.
Үлкендердің батасы – жабылған есіктерді ашып, сөнген шырақты қайта жағады. Жер бетінде ана-ананың разылығы, олардың аппақ, таза ниеті шешпейтін мәселе жоқ. Ендеше, басыңызға қиындық түссе, ата-анаңыздан кешірім сұраңыз. «Мен үшін Құдайдан тілек тілеші, апа!» «Мен үшін Құдайдан сұрашы, әке!» деп олардың ақ батасына мұқтаж екеніңізді естеріне салып тұрыңыз. Және өзіңіз де тамыры жоқ ағаштың гүлдемейтіні секілді, ата-ананың разылығын алмай, жеңіске жете алмайтыныңызды есіңізден шығармаңыз.

 

Асыл Арна Телеарнасынан