Шаруаның түйіні- пенденің пейілінен..!
Ертеде бір диқаншы егін егіп жатып, жұдырықтай дән тауып алды. Бұрын-соңды мұндай үлкен дән көрмеген екен. Оны патшаға апарды. Патша да жұдырықтай дәнді көріп, таңғалды. Ненің дәні екенін ешкім білмей дал болды. Патша елге жарлық шашып:
– Бұл дәнің сырын тапқан адамға ат басындай алтын беремін, – деді. Патшаның уәзірі:
– Осы елде көпті көрген, көп естіген қария бар. Содан сұрайық, – деді. Патша уәзірі екеуі атына мініп, қарияның үйіне барды. Барса, қария жетпіске таяп қалған қарт екен. Патша:
– Ақсақал, мынадай үлкен дән таптық. Ненің дәні екенін, қайдан келгенін білмей отырмыз. Көп жасаған қариясыз. Сырын бір білсе, сіз білерсіз деп келіп тұрмыз, – деді. Шал дәнді олай бір, бұлай бір айналдырып көріп:
– Бұл дән менің өмірімде кездеспепті. Мына қырдың астында әкем тұрады. Сол кісіден сұраңдар. Мүмкін сол біліп қалар, – деді. Патша нөкерлерін ертіп шалдың әкесіне барды. Келсе, қарияның әкем дегені елуді еңсерген кісіге ұқсайды. Еш өңін бермепті. Патша оған жұдырықтай дәнді көрсетті. Ол дәнді әрі-бері қарап көріп:
– Бұл дәнді бұрын-соңды көрмедім. Ненің дәні екенін білмедім. Мынау сайда менің әкем бар. Соған апарып көр, бір білсе, әкем білер, – деді. Патша сайды жайлаған ауылға келіп түсті. Алдарынан жасы отызға таяу жігіт ағасы шығып, аттың шылбырын ұстады. Патша одан іздеген адамын сұрады. Жігіт:
– Іздегенің мен едім. Қырды жайлаған менің балам. Ал анау бірінші кезіккен адамың менің немерем болады. Жігіт болып көрінсем де, жасым жүз отызда, – деді. Патша оған жұдырықтай дәнді көрсетті. Жігіт оны көрген бойда:
– Еһ, жарықтық, бар екенсің ғой. Мен сені тұқымың біржола құрып кетті ме деп едім, – деп дәнді алып жылай берді. Патша мен уәзірі түк түсінбеді. Сәлден соң жігіт:
– Біздің кезімізде бидайдың дәні осындай, жұдырықтай болатын. Құдай біздің пейілімізге жердегі жемісті үлкен етіп берді. Ол замандағы адамның да көңілі кең болатын. Ақша, базар, өсімқорлық дегенді білмедік. Жұрт бір-бірін алдамайтын, өтірік айтпайтын. Үлкен де, кіші де берген уәдесіне берік болатын. Ел кедей, бай болып бөлінбейтін. Кішіге зәбір көрсету деген атымен жоқ. Жігіттері бірінің атын бірі қамшылап, «мен болмайын, сен бол» дейтін. Қыздары ердің бетіне тура қарай алмайтын, ибалы, инабатты еді. Қарттардың кеудесі толған қазына. Сөзі майдай жағатын, тыңдасаң, мейірің қанатын. Кейін адамдар әдептен, ардан аттаған соң, Құдай пейілдерін алып, олардың несібесін де қысқартты. Мынау – сол заманда жеген бидайдың дәнегі, – деді. Патша:
– Мен бір нәрсеге таңмын. Біздің алғашқы барған қария сенің немерең екен. Түрі жетпістегі қарттай. Екінші көргеніміз сенің балаң екен. Түріне қарасаң, елуді еңсерген азаматқа ұқсады. Ал сен отыздағы жігіттейсің. Сыры неде? – деп сұрады. Жігіт мырс етіп күліп:
– Ерді жасартатын да, жақсартатын да – жары. Жарың жақсы болса, көңілің жайдары, жас көрінесің. Алғаның жаман болса, немерем сияқты тез қартаясың. Менің жұбайым – жайлы адам. Өзіме адал, бетіме тура келген емес. Ерте тұрады, кеш жатады. Ал баламның алған әйелі жақсы жердің қызы. Бірақ, келінімнің бір жаман қасиеті бар еді. Түске дейін ұйықтайды. Соның кесірінен ұлым тез қартайды. Ал немеремнің алғаны тіптен нашар болып шықты. Күнде күйеуінің бетінен алып, салғыласып отырады. Жоқты жасырып, барды асырмайды. Елдің көзінше күйеуінің айыбын ашып, бетіне басады. Соның кесір мінезінен немерем мерзімінен бұрын қартайды, – депті. Патша көп нәрсеге қанығып, ғибрат алып, еліне жүріп кетеді. «Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын ер жігітті қартайтар» деген мақал осыдан қалыпты деседі