Павлодарда облыстық телеарнаның негізін қалаушы Хамза Тоқпановқа арналған мемориалды тақта орнатылды
«Ертіс» телеарнасының ғимаратында 20 жылдан астам облыстық телеарнаны басқарған Хамза Тоқпановты еске алуға арналған мемориалды тақта орнатылды. Биыл Хамза Махамбетұлы көзі тірісінде 95 жасқа толатын еді. Мемориалды тақтаны ашуға арналған шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аймақтық телеарнаның дамуына Хамза Тоқпановтың зор үлес қосқанын атап өтті.
— Хамза Махамбетұлы 1963-1986 жылдар аралығында Павлодар облыстық атқарушы комитеті телерадиотарату жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызмет еткен, — деді Мейрам Бегентаев. – Оның бастамасымен қазақ тілінде хабар тарату көлемі күрт артып, кәсіби мамандардың қатары көбейді. Бастысы, бүкіл Павлодар облысы бойынша ақпарат таратумен қамтамасыз етілді. Хамза Тоқпанов елімізде зор құрметке ие болып, павлодарлық белгілі тұлғалардың арасында лайықты орын алды.
Әкесі туралы өз естеліктерімен Хамза Тоқпановтың қызы Майра Хамзақызы бөлісті.
— Біздің әкеміздің есімі мәңгі есте қалатындай іс жасалып отырғанына өте қуаныштымыз, — дейді Майра Хамзақызы. – Бұл отбасы үшін үлкен мереке. Әкеміз облыстық телеарнаның жұмысын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, оның еліміздің алғашқылардың бірі болып түрлі-түсті нұсқада хабар таратуына күш салды. Бүгінгі шара үшін билік басындағы азаматтарға ризашылығымды білдіргім келеді.
Бұдан кейін облыстық телеарна саласының ардагерлерін құрметтеу рәсімі өтті. Павлодар телеарнасының бастауында тұрған жандар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен «Ертіс» арнасының атынан алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.
— Сол жылдары облыстық телеарнада жұмыс істеген ардагерлерді есте сақтау біздің парызымыз, — дейді «Ертіс» телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішева. – Олар кәсіби мамандар, өз ісінің нағыз майталмандары. Керемет режиссерлар мен белгілі журналистер. Көпшілігі Хамза Махамбетұлының әріптестері болған. Ардагерлердің қажырлы еңбегінің арқасында біздің телеарна бүгінде Павлодар облысындағы бұқаралық ақапарат құралдары арасында бірінші орын алады.
Әлихан Рахметоллаұлы